Полицейге жасалған шабуыл: Павлодардағы оқиғаның мән-жайы айтылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық Полиция департаментінің бастығы 6 маусым күні полицей мен ауладағы отбасы арасында болған оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәлім етілгендей, сағат 19:45 шамасында 31 жастағы азамат Лермонтов көшесі, 96 үйдің ауласында шемішке шағып, балалар алаңында сыра ішкен. Ол орта ауыр дәрежедегі мас күйде болған. Күдікті бұған дейін тонау қылмысы үшін сотталғаны анықталды.

Полицей таянып, қызметтік куәлігін көрсеткен. Алайда, күдікті құжатты қолымен ұрып жіберген және кішкентай баласын қолында ұстап тұрып, учаскелік полицейдің өзін ұра бастаған.

«Полиция қызметкері арнайы құралдарды қолданбағанына назар аударғым келеді. Өйткені шабуылшының қолында бала болған. Алдымен бейнероликте көрсетілгендей, бала күдіктінің қолында болған жоқ. Бірақ содан кейін анасы оны ер адамға берді. Кадрдан байқағанымыздай, бала құлаған кезде де, полиция қызметкері баланың қолынан ұстап қалды», - деді ПД бастығы Нұрлан Мәсімов.

Қала тұрғынының үстінен ҚР ҚК-нің 380-бабы 2-бөлігі бойынша (билік өкілінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану) қылмыстық іс қозғалды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оған 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

«Учаскелік полицейге қарағанда, ол дене жарақатын алмаған. Әлеуметтік желілердегі кейбір комментаторлар полицейдің дене дайындығы нашар болғандықтан зардап шеккенін жазады. Бұл – олай емес. Біздің қызметкер - мықты, дайындығы жақсы, спортшы. Оның зардап шеккен себебі – ол шабуыл кезінде өзін-өзі қорғау тәсілдерін ғана қолданды. Учаскелік полиция инспекторының өзі қақтығысқа кінәлі ме, жоқ па, оны қызметтік тергеу нәтижелері көрсетеді. Қорытынды бойынша толық талқылаудан кейін түсініктеме беретін боламыз», - деп келтіреді водомство басшысының сөзін pavlodarnews.kz сайты.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұловтың айтуынша, оқиға кезінде учаскелік полицейдің видеожетоны зақымдалған. Видеожетон жанжал басталар алдында қосылып тұрған. Кейін оқиға барысында ол құлап, жарамсыз болып қалған.

Сондай-ақ, полиция департаментіндегі онлайн-конференция барысында оқиға куәгерлерінің сөздері жазылған видеожазбалар көрсетілді.


Лермонтов көшесі, 96-үй тұрғындарының бірі подъездер мен балалар ойнайтын аулалардағы маскүнемдерге шағымданды.

Еске сала кетейік, 6 маусымда әлеуметтік желілерде полицейге шабуыл жасалғаны туралы видео тарады.


Соңғы жаңалықтар