Полицей тереңдігі 12 метрлік құбырға түсіп кеткен баланы құтқарды

None
None
ОРДАБАСЫ. ҚазАқпарат - Ордабасы АПБ қызметкерлері кәсіби шеберліктерінің арқасында жас баланың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нақтырақ айтсақ, Ордабасы АПБ-ға кешкі сағат 20:30 шамасында кішкентай бала хабарласып, ағасына көмектесулерін сұрайды. Хабарлама алысымен осы аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы әрекетке көшеді. Ойын толық жеткізе алмаса да баламен тілдесіп, қандай да бір мәлімет алуға тырысады. Дегенмен өзіне бекітілген аумақтың ой-шұқырын толық білетінінің арқасында, полицей аз уақыттың ішінде баланың айтқан жеріне топшылап жетеді. Тәртіп сақшысы 12 жасар баланың су жиналатын құбырға түсіп кеткенін анықтайды. Содан Бадам ауылының учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Сәкен Сайланов бірден жас баланы шығаруға кіріседі. Қайнар ауылының сыртында орналасқан бұл құбырдың тереңдiгi 10 метрден асады. Осыған орай полицей әріптестерін көмекке шақырып, өзі бала тұрған құбырға түседі. Қатты тоңған балаға киімдерін кигізіп жылындырған. Осы аралықта басқа тәртіп сақшылары арқан әкеліп, бала аман-есен сыртқа шығарылады.

Белгілі болғандай, 12 жасар бала інісімен ойнап жүріп абайсызда аталған бетон шұнқырға түсiп кеткен. Өздігінен ары-бері шығамын деп бірнеше сағат талпынғанмен еш нәтиже шықпаған. Содан кейін інісіне полицияға хабарласуын сұраған. Оған қоса осы 2-3 сағат ішінде ойынға шыққан екі бірдей баласы жоқ болғаннан кейін ата- аналары, туыстары мен көршілері де іздеуге шыққан. Соңында балалар аман-сау күйінде отбасына қайтарылды.

Өз кезегінде баласын тауып берген тәртіп сақшыларына ақ жаулықты ана ақжарма тілегін арнап, жұмыстарына табыс тіледі. «Аяқ асты орын алған келеңсіздікте баламды жалғыз қалдырмай, қолдаушы әрі құтқарушы болғандарыңызға мың алғыс! Әсіресе, учаскелік полицейіміз Сәкенге рақмет айтамын»,-деп шынайы ризашылығын білдірді.


Соңғы жаңалықтар