Полицей Шарын шатқалында оқушыны құтқару операциясы қалай өткенін баяндады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысының Шарын шатқалында селмен ағып кеткен қызды іздестіру операциясына қатысқан полицей оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Құтқару жұмыстарына Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің 50-ге жуық қызметкері қатысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жасөспірімді іздестірудің екінші күнінде Ұйғыр аудандық полиция бөлімі, табиғат қорғау полиция тобының инспекторы Саят Дәркенбаевқа қорықшы өзен маңында қозғалыстың байқағаны туралы белгі берген. Тәртіп сақшысы көмек шақыру үшін өз қызметтік көлігімен базаға көтерілген. Артынша тікұшақтағы құтқарушыларға қыздың орналасуы мүмкін жерді көрсете алатынын айтқан. «Әуе көлігінен Шарын өзенінің сол жағасында, оқиға орнынан 3-4 шақырым жерде бір адамның жатқанын байқадық. Алайда ол жерге тікұшақ қона алмайтын болып шықты. Шатқал биіктігі шамамен 800-1500 метр. Ол жердің жағасы жартасты келеді. Мен тікұшақтан шатқал үсінде түсіп қалып, үш адамнан тұратын құтқару тобына рация арқылы бағыт-бағдар беріп тұрдым. Олар арқанмен өзенге қарай түсіп, жоғалған қызды жоғары көтерді. Қыздың амандығын көріп, қуаныштан ата-анасына бірден рация арқылы хабар бердім. Құтқарушы топтың өте кәсіби жұмыс істегенін атап өткім келеді. Қаршадай қыздың қараңғыда, тауда басынан не өткергенін елестету қиын. Балапан тез жазылып, өмірінде тек жақсылық болсын», - деді полиция қызметкері Саят Дәркенбай.

Еске салайық, 29 мамыр күні Алматының №199 мектебінің 5-сыныбында оқитын 8 оқушы, 5 ата-ана және 3 мұғалім Шарын шатқалына саяхатқа шыққан. Шатқалда кенет сел жүріп, 2 адам мерт болды, 1 адам із-түзсіз жоғалып, тағы 6-ауы зардап шекті.

Кейіннен ҚР Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Мерт болған ұстаз - 26 жастағы Мерей Ибрагимов көркемөнер пәндерінен сабақ берген. Еңбек өтілі – 5 жыл.

30 мамырда селге ағып кеткен оқушы қыз табылды. Қазір ол жансақтау бөлімінде. Оны құтқару сәтінен видео жарияланды.

Бүгін ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев бұл саяхат мектеп әкімшілігімен келісілмегенін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар