Полицей Арман Алтаев: Пышақ ұстаған қаскөйді тоқтату үшін қару қолдануға тура келді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында масаң күйдегі ер адам қолына пышақ алып әйел мен оның кәмелеттік жасқа толмаған 2 баласын өлтірмек болған. Алайда бұған жедел әрекет еткен полиция қызметкері Арман Алтаев тосқауыл бола білді. Тәртіп сақшысы оқиғаның бүге-шүгесін ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«Өткен жылы 2 қарашада полицияға қоңырау шалған азамат көрші үйде төбелес болып жатқанын айтқан. Бірден сол жерге аттандық. Подъездің ішіне кірсек айқау-шу, балалардың жылаған дауысы естілді. Жетіп барсам екінші қабаттағы пәтерде 30-35 шамасындағы еркек әйелдің шашынан ұстап, пышақ төсеп тұр екен. «Тоқта» деп айқай салдым. Мұны естіген ол «Полицейлерді шақырыпсың ғой. Сол үшін сені өлтіремін» деді. Оның қылмыстық әрекетін тоқтату үшін тапаншаны қолдануға тура келді», - дейді Арман Алтаев.

Төбеге оқ атылған кезде абдырап қалған ер адам полиция қызметкерінің «Пышақты таста» деген талабын бірден орындаған. Тәртіп сақшысы лезде қимылдап, оның қолына кісен салды.

«Әйел ол адаммен әлеуметтік желіде танысыпты. Әуел баста оның осындай мінезі бар екенін білмеген. Кеудесін қызғаныш кернеген қала тұрғыны әйелдің үйіне жетіп келіп, «Балаларыңмен қоса өлтіремін» деп қорқытқан. Сол күні еркектің ішімдік ішкені де анықталды», - дейді аға-лейтенант.

Арман Алтаев 1992 жылы Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде дүниеге келген. Д.Серікбаев атындағы ШҚМУ-ды «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша тәмәмдаған ол бүгінде Өскемен қалалық Полиция басқармасы полиция патрульдік бөлімінде аға инспектор болып қызмет етуде. Былтыр шаңырақ көтерген тәртіп сақшысының әке атанғанына 2 ай болыпты.


Соңғы жаңалықтар