Польшаның 90 жастағы тұрғыны Қазақстанда тұратын отбасын іздейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Польшаның 90 жастағы тұрғыны Қазақстанда тұратын отбасын іздеп жатыр. Альцгеймер ауруының зардабын тартып отырған Изабелла әжейдің есінде Қазақстанға депортацияланғаны ғана бар. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz сайты жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Поляк азаматы Ула Котарба агенттікке әлеуметтік желі арқылы жүгініп, өзінің шешесі Изабелла Бресте туғанын айтқан. 30-жылдардың аяғында әкесі қамауға алынғаннан кейін кішкентай Изабелла анасымен және әпкесімен бірге Қазақстанға жер аударылады. Алдымен Итумен кеңесіне, артынша әпкесінің ауруына байланысты Макинкадағы ауруханаға жіберілген.

Баспанасыз жүрген оларды жергілікті тұрғын Устинья Миренчук үйіне әкеліп, соңғы нанын бөлісіп жеген.

Соғыстан кейін Изабелла Польшаға оралады. Бірақ Устинья әжейді ұмытпай, хат жазып тұрады. Көп жыл бойы жазған хатына жауап болмай, тек 1970 жылы одан Макинкаға шақырған хат келген.

Көкшетау әуежайында анасымен бірге келген Изабелланы Устиньяның ұлы Петр күтіп алады. Олар Макинкаға дейін ұжымшардың директоры арнайы жіберген машинамен жетеді. Көптен күткен жүздесу болып, көл-көсір жас төгіледі, естеліктер айтылады. Кейінірек Петр інісімен бірге Изабелланың шақыруымен Польшаға барып қайтады.

Олар тағы біраз уақыт хат-хабар алысып тұрады, бірақ кейіннен байланыс үзіліп қалады. Ал олардың хаттары қазір сақталмапты.

Қызының айтуынша, Изабелла Устинья әжей туралы көп айтады. Өзі, балалары жайлы білгісі келеді. Қария Альцгеймер ауруына шалдыққан. Оның есінде Қазақстанға келгені ғана бар.

Ула анасының арманын орындау мақсатында, бүкіл қазақстандықтардан Устинья Миренчуктың отбасын іздеуге көмектесуін сұрайды.

Соңғы жаңалықтар