Польшалықтар Ақмола облысымен сауда-экономикалық қатынасты нығайтуға мүдделі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Польшалықтар Ақмола облысымен сауда-экономикалық қатынасты нығайтуға мүдделі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Сергей Кулагиннің Ақмола өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасындағы Польшаның Төтенше және өкілетті Елшісі Мачей Ланг бастап келген делегациямен кездесуінде айтылды.

Делегация құрамында Польша Республикасының Астанадағы Елшілігінің консулы Малгожато­Таньска және Алматыдағы бас консулы Анджей Папеж болды. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту және инвестиция тарту мүмкіндіктері қарастырылды.

Аймақ басшысының айтуынша, Ақмола облысының Польша елімен сауда-экономикалық байланысы тұрақты дамып келеді. Мәселен, 2014 жылы Ақмола облысы мен Польша Республикасы арасындағы өзара­ сыртқы сауда айналымы 10,7 миллион АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт үлесі 4,5 миллион АҚШ доллары болса, импорт үлесі 6,2 миллион АҚШ долларын құрап отыр. 2015 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында сыртқы сауда айналымы бар-жоғы 4,2 миллион АҚШ долларын ғана құраған. Оның ішінде экспорт 1,9 миллион АҚШ долларына жетті. Біздің облысымыздан Польша еліне ұнтақталған зығыр, рапс, күнбағыс тұқымдары және өзге де майлы дақылдар жеткізіліп тұрады.

Ал, бірлескен кәсіпорындарға келетін болсақ, Аршалы ауданында 50 пайыз польшалық үлескерлердің қатысуымен «Ормис-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс материалдарын шығарумен айналысады. Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы «Блюз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі польшалық тараппен ынтымақтаса отырып, косметика саласында қызмет көрсетеді.

Бүгінгі күні облыс аумағында барлығы 8 мыңнан астам поляк ұлты тұрып жатыр және поляк халқының дәстүрі, мәдениеті, тілін дамыту бағыты бойынша 4 қоғамдық бірлестік жұмыс істейді.

Жылы шырайлы өткен кездесу барысында екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік сектор мен сауда-экономикалық мүмкіндіктер кеңінен қаралды.

Сондай-ақ, облыс әкімі аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері жайлы сөз қозғап, облыстың географиялық жағынан бас қаламыз Астанаға жақын орналасуы нәтижесінде ақмолалық өнім өндірушілердің ауқымды мүмкіндікке ие екендігіне ерекше тоқталды.

Өз кезегінде Польша елшісі Мачей Ланг мырза да облыс әкімі Сергей Кулагинге қазақша сәлемдесе келе, Көкше жеріне келгеніне өте қуанышты екенін, мұндағы халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, әсіресе, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бірнеше ұлт өкілдерінің кең байтақ қазақ даласында тату-тәтті өмір кешіп жатқандығын жеткізді.

-Көкше жеріне алғаш рет келіп отырған жоқпын. Осыдан 20 жыл бұрын бір сапармен келгенмін. Ол кезде басқа қызмет атқарғам. Дегенмен, бүгінгі күні осы қысқа уақыттың ішінде Қазақстан танымастай өзгеріп, бүкіл әлем алдында өзінің тәуелсіздігін дәлелдеп берді. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы және бірнеше ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті тұруы үлгі боларлықтай. Қазақстанмен әрқашанда достық қатынаста болған Польша одан әрі де әріптестікті нығайтуға ниетті. Біз сіздердің елдеріңізде поляк тілін дамытып, білім беру саласында студент алмасуға мүдделіміз, - деді Мачей Лангөз сөзінде.

Кездесуде облыс әкімі Сергей Кулагин Польша сияқты мемлекетпен арадағы сауда экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға, инвестиция тартуға дайын екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, мәртебелі меймандардың Көкшетаудағы Достық үйінде этномәдени бірлестіктермен кездесуін ұйымдастыру да жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар