Польшада қазақстандық жастар орталығы ашылды

None
None
СВЕЧЕ. ҚазАқпарат - Польшада қазақстандық жастар орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ҚР Білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалының қолдауымен Свече қаласындағы (Польша) Лингвистикалық-технологиялық университетінде «Абай» мәдени-білім беру жастар орталығын ашты.

«Жастарға арналған орталықтың ашылуы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен жарияланған Жастар жылына тұспа-тұс келгені айрықша оқиға. Атап айтарым, ұлы Абайдың есімі орталықтың атауына берілгеннің өзі маңызды. Абай - қазақстандық мәдениеттің құнды символдарының бірі», - деді С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген.

Оның айтуынша, университетте Абайтанудың бай дәстүрі мен Қазақстанға танымал ғалым Айжан Қартаеваның ғылыми мектебі бар.

«Біздің оқу орнында Абай ақынның ойларына арналған абайтану бойынша конференциялар ұйымдастырылады, монографиялар мен ғылыми мақалалар жарияланды, диплом мен магистрлік жұмыстар жазылуда. Бұл дегеніңіз, біздің ғалымдар мен білімгерлердің Абай мен оның шығармашылығы, дүниетанымы туралы айтатыны көп деуге болады», - деді Мұхтар Төлеген.

Жаңа орталық мәдениеттермен, білім беру бағдарламалары мен халықаралық ғылыми жобалармен алмасу үшін интерактивті алаңға айналады, академиялық ұтқырлықты дамытуға және Қазақстан мен Польшаның жоғары оқу орындарының арасында қос дипломды білім беруге ықпал ететін болады.

Орталықтың ашылуына байланысты екі жақ тарапынан көптеген жұмыстар атқарылған. Польша тарапы жеке ғимарат ұсынды, ал оны көркемдеу бойынша қазақстандық тарап Қазақстан туралы поляк, ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде кітаптар, сонымен қатар мәдени артефактілерді берді.

Шығыс қазақстандық делегация атынан Лингвистикалық-технологиялық университетіне сый ретінде мәдени құндылыққа ие мүсінші Дәурен Дошанов орындаған «Абай» мүсіні мен суретші Әлібек Шоқановтың «Абай» суреті берілді. Ал Лингвистикалық-технологиялық университет ректоры Эльжбетте Штернальға С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры М. Төлеген Абай атындағы медальды табыс етті.

Орталықтың ашылуы күні Өскемен қаласында Польша мемлекетімен онлайн режімде «Мәдениеттер диалогындағы университеттердің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.

Екі елдің жоғары оқу орындары ынтымақтастығының келесі қадамы ретінде С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Коперник» мәдени-білім беру орталығы ашылады.

Соңғы жаңалықтар