Польша тұрғыны СҚО полицейлерінің көмегімен отбасы тарихына қатысты тың мағлұматтар тапты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Польша тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мұрағатынан жазықсыз сотталған туыстарына қатысты тың мағлұматтар тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Польша тұрғыны, бұрынғы отандасымыз, этникалык неміс Лилия Нельде әулет тарихын қалпына келтіруді қолға алған. Ол екі жыл ішінде СҚО полициясының арнайы мұрағатына үш рет сұрау жолдаған екен.

1936-37 жылдары оның жеті бірдей туысы қуғын-сүргінге ұшыраған. Колхоз фермасын басқарған Эдуард Ульрих атылған. «Колос» колхозының төрағасы Фёдор Нельде, колхозшылар Христиан, Карл, Роберт пен Густав және Ульрихтың зайыбы Мария 10 жылға сотталып кеткен.

Олардың қатаң жазалануына асыл тұқымды айғырдың өлімі себепші болды. Іс материалдарында ветеринардың жануарға жақсы күтім көрсетілген деген қорытындысы бар. Алайда айғыр «азаптап өлтірілді» деп жазылған. Осыдан кейін кеңес үкіметіне қарсы әрекет жасады, фашистік үгіт жүргізумен айналысқан контрреволюциялық ұйым құрды және колхозшылар арасында ұлттық алауыздық тудырды деген сол жылдарға тән айыптау пайда болды.

«Мен Мәскеуде тұратын жиеніме отбасымыздың өткенін тереңінен зерделеуге кіріскен көмектесіп жатырмын. Бұған дейін де қуғын-сүргін жылдары туралы айтарлықтай материал жинастырған едім. Әкемнің де, анамның жағынан да солақай саясаттан зардап шеккендер бар. Қазақстандық заңнамаға сәйкес танысуға болатын материалдарды сұрыптап, мәліметтерді жіберіп ауқымды жұмыс атқарған мұрағат қызметкерлеріне зор ризашылығымды білдіремін», – дейді Лилия Нельде.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мұрағатында 1930-50 жылдары заңсыз сотталған солтүстікқазақстандықтарға және бұрынғы кеңестік әскери тұтқындарға қатысты 5364 қылмыстық іс және сұрыптау материалдары сақталған.

СҚО ПД арнайы мемлекеттік мұрағатының бас маманы Эльмира Валиулинаның айтуынша, қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарына процессуалдық емес сипаттағы материалдар ұсынылады. Сондай-ақ істе бар болған жағдайда жеке құжаттарының көшірмелерін ала алады. Арнайы мұрағатқа жүгіну тәртібі туралы барлық сұрақтар бойынша Петропавлда мына телефондар арқылы ақыл-кеңес алуға болады: (8-715-2) 39-41-58, 39-41-40.

6 жыл ішінде тәртіп сақшылары 215 адамға туыстарына қатысты құжаттарын тауып, көмектесті.

Соңғы жаңалықтар