Польша президенті депортацияланған поляктарды құтқарған қазақстандық қарияны марапаттады

None
None
ВАРШАВА. ҚазАқпарат - Польша президенті Анджей Дуда Варшавада қазақстандық Тасыбай Әбдікәрімовті «Virtus et Fraternitas» медалімен марапаттады. Медаль польшалықтарға күрделі кезеңдерде көмектескен азаматтарға беріледі. Т.Әбдікәрімов оның алғашқы иегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Польша Президенті Кеңсесінің ақпаратына сәйкес, «Virtus et Fraternitas» медалімен «ХХ ғасырда тоталитарлық жүйе құрбандары» болған поляктарға көмек қолын созған азаматтар марапатталады. Оны Польша Республикасының президенті алғыс ретінде «адамдық қасиетті қорғауда жанқиярлық қайсарлығы мен адамдығы» үшін табыс етеді.

Польша тарихында алғаш рет өткізілген марапаттау рәсімі Варшавадағы поляк театрында өтті. Шараға Польша Сеймінің спикері Малгожата Госевска, Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ұлттық мұра министрі Петр Глинский, Министрлер кабинетінің дипломатиялық корпусының өкілдері, соның ішінде Қазақстанның Польшадағы елшісі Марғұлан Баймұхан қатысты.

«Кейбіреулер он жыл бұрын болған белгілі бір оқиғаларды еске алу дұрыс емес деп есептейді. Бірақ бұл оқиғаларды жадында сақтап, ол туралы батыл айта алатын азаматтар баршылық. Осының барлығы үшін бүгін Польшаның атынан Сіздерге алғысымды білдіремін. Сізге бұл сыйлықтарды тапсыру - мен үшін үлкен мәртебе. Бұл, ең алдымен, Поляк мемлекеті тарапынан естелік пен алғыс білдіру екенін атап өткім келеді», - деді салтанатты шараға қатысқан президент Анджей Дуда.

Осылайша, 14 адам медаль иегері атанды. Олардың екеуінің ғана көзі тірі. Біріншісі - Қазақстанға жер аударылған полякты құтқарған Тасыбай Әбдікәрімов. Ол қазіргі уақытта Қазақстанға депортацияланған поляктардың зираттарын күтіп, күзетеді. Екіншісі - Олександра Васейко. Ол Волыньдағы поляк құрбандары туралы естелікті сақтап, поляк зерттеушілеріне жерленгендерді іздеуге көмектесіп жүр.

Қазақстанның Польшадағы елшілігінен хабарлағандай, Тасыбай Әбдікәрімов Түркістан облысы Мақтаарал ауданында тұрады. Тоғыз баланың әкесі, немерелері мен шөберелері бар. Онымен бірге сахнаға поляк Валентин Яблонский көтерілді. Дәл осы Яблонский отбасына Тасыбай Әбдікәрімов жер аударылған жылдары қолдау білдіріп, көмектескен. Салтанатты рәсім алдында тағдыр байланыстырған қазақ және поляк отбасылары ҚР елшілігінде кездесіп, естеліктерімен бөліскен еді.

Жер аударылған және қудаланған поляктардың тарихын зерттейтін Пилицкий институтының деректері бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін СССР билігі Польша аумағынан шығысқа 35 мыңға жуық полякты айдаған. 1952 жылдың сәуірінде соңғы ірі жер аудару жүргізіліп, мәжбүрлі қоныс аударушылар Қазақстанның оңтүстігіндегі аудандарға жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар