Польша Парламентінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған кітаптың тұсауы кесілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Польша Парламентінде Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, сонымен қатар, Астана күніне арналған «От Ханства до Республики. Исторические и современные условия становления государственности Казахстана» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Шараға Польша Сенатының маршалы Станислав Карчэвский, Қазақстан парламентімен ынтымақтастық жөніндегі топ мүшелері және польшалық қоғам өкілдері қатысты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды. Кітап авторы Қазақстанның үлкен достарының бірі, Польшаның Қазақстандағы Елшісі Владыслав Соколовский.

Қазақстан Елшісі Алтай Әбибуллаев шара барысында қатысушыларды еліміздің негізгі әлеуметтік-экономикалық бағытымен таныстырып, екіжақты өзара байланыстың перспективаларына, сонымен қатар, ҚР Президентінің халықаралық бастамаларына  тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазақ-поляк сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық әлеуеттің келешегі өте зор,  ал Қазақстанда өмір сүріп жатқан поляк диаспорасы екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достықтың тірі көпірі болып табылады.

Тұсаукесер рәсіміне қатысушылар Қазақстанның экономиканы дамыту мен жаңғыртудағы теңдессіз жетістіктерін айтып, ұлтаралық және дінаралық татулықтың қазақстандық тетігі халықаралық аренада кеңінен мойындалатынына назар аударылды.  Олардың пайымынша, Астана тәуелсіздік пен ұлттық бірліктің тұтастай келбетін көрсетеді.

Өз кезегінде Польша Сенатының маршалы С. Карчэвский барша қазақстандықтарды 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен, сондай-ақ Астана қаласының 18 жылдығымен құттықтады. «Қазақстан Польшаның ЕАЭО кеңістігіндегі маңызды әріптесі. Сондықтан да, біз елдеріміз арасындағы екіжақты өзара әрекеттестікті одан әрі дамыту үшін екіжақты қатынастың барлық қырларына ерекше мүдделіміз», - деп атап өтті ол. 

Ал Польша-Қазақстан парламентаралық тобының мүшелері ел басшылығына қазақстандық поляктардың ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрін сақтаудағы қамқорлығы үшін зор ризашылығын білдірді.  Шараға қатысушылар Қазақстанда жүзеге асып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастық әлеуетін ерекше атап өтті.

Соңғы жаңалықтар