Польша компаниясы «Патруль» сериалының лицензиясын сатып алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Польшаның «Polot media» компаниясы қазақстандық «Патруль» сериалының лицензиясын сатып алды. Бұл ақпаратты ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген туынды сценаристерінің бірі Марат Оралғазин растады.

«Келіссөздер былтыр жүргізіле бастады. Ал биыл жыл басынан бері шетелдік компания сценарийді өздерінің аудиториясына сай өңдеу жұмыстарын жасады. Яғни, олар біздің барлық сценарийді алып, оны поляк тіліне аударып, сол персонаждармен түсіреді. Менің білуімше, түсірілім кеше Польша территориясында басталды. Қазақстандық актерлер оған қатыспайды», - деді сериалдың сценарий авторы.

Сонымен қатар Марат Оралғазин шетелдік компанияның аталған сериалға не үшін қызығушылық танытқанын айтты.

«Олар интернеттен сериалды көріп, ұнатқан. Кейін толық зерттей бастапты. Өздеріне күлкілі болған. Бұл телетуынды олардың менталитетіне сай келетін болса керек. Мүмкін олардың полицейлерінің іс-әрекеті біздікімен тұспа-тұс келіп тұрған шығар. Бұл жаңалықты шығармашылық топ аса қуанышпен қабылдады», - деп түйіндеді Марат Оралғазин.

«Патруль» сериалының лицензиясын сату бойынша келіссөздерді туынды жарық көрген телеарнаның басшылығы жүргізген. Марат Оралғазиннің айтуынша, бүгінде отандық өзге де телесериалдарға қызығушылық білдірген шетелдік компаниялар бар. Олармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар