Пластикті ыдырататын микроағза табылды – Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –«ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей назарларыңызға әлемдік баспасөзге шолуын ұсынады.

Ұлыбритания халқының жартысы коронавирус жұқтырған болуы мүмкін – Financial Times


Оксфорд ғалымдары Ұлыбритания халқының жартысы коронавирус жұқтырған болуы мүмкін екенін болжады, деп жазады Financial Times.

Олардың айтуынша, бұған дейін ғалымдар болжағаннан да көп адам ауру жұқтырған болуы мүмкін.

«Вирус жұқтырғандардың көпшілігінде жеңіл симптомдар болуы немесе ауру белгілері шықпауы мүмкін. Бұл ғалымдарға кең ауқымды серологиялық зерттеу бастау керектігін көрсетеді», - дейді теориялық эпидемиология профессоры Сунетра Гупта.

Оксфорд университетінің Инфекциялық аурулардың эволюциялық экологиясы тобы жүргізген зерттеу COVID-19 Ұлыбританияға қаңтар айының ортасында жеткенін көрсетті. Басқа да көптеген жаңа инфекциялар секілді ол басында байқалмай тарап жатты. Ал ресми түрде инфекция ақпан айының аяғында тіркелді.

«Ғалымдардың айтуынша, модельдеу «топтық иммунитетке» назар аударады. Оның идеясы бойынша, вирус көп адамда оған тұрақты иммунитет қалыптасқанда, яғни белгілі бір адамдар ауырып шыққанда кең тарауын тоқтатады. Егер тестілеу нәтижесі бұны дәлелдесе, Ұлыбританияда енгізілген шектеулер ертерек алынып тасталуы мүмкін», - деп жазады басылым.

Вирустан кез келген маска қорғамайды – Der Standard


«Қорғаныс маскалары инфекцияның жұғуынан қорғауы тиіс, дегенмен маскалардың барлық моделі бұл қызметті атқара алмайды», - деп жазады Der Standard.

Автор Азия елдерінде тұмау кезінде маска тағу қалыпты құбылыс екенін жазады.

«Коронавирус басталғаннан кейін Еуропа мен АҚШ халқы да қорғаныс маскаларын таға бастады. Тіпті, масканың қоры азайып жатыр деуге де болады. Маска дефицит тауарға айналғанда, адамдар өнертапқыштығымен ерекшеленіп жатыр. Тіпті, интернетте масканы матадан өз қолыңмен тігуге болатынын көрсететін нұсқаулықтар да бар. Дегенмен, мұндай жолды таңдаған адамдар матаның вирустан қорғамайтынын білуі тиіс», - деп жазады басылым.

Автордың жазуынша, тұмаумен ауыратын адам мұндай маска тағу арқылы тек айналасындағы адамға вирус жұқтырмайды. Ал дені сау адамды ол қорғай алмайды.

«Сау адамдардың мата мен қағаздан тігілген маска тағуы еш нәтиже бермейді және бұл тек психологиялық тұрғыда сенімділік беруі мүмін», - дейді Венаның Медицина университетінің гигиена институты ғалымдары. Олардың айтуынша, масканың материалы тығыз болуы тиіс, себебі вирустың көлемі өте кішкентай келеді.

«Хирургиялық маска бірнеше қабаттан тұрады. Дегенмен, оның материалы тығыз болмағандықтан, оның да вирустан қорғау мүмкіндігі төмен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Роберт Кох уинституты мен Австрияның денсаулық және қауіпсіздік мәселелері агенттігі сау адамдарға макамен ғана қорғанбай, гигиена ережелерін сақтауды, қолды жиіі жуып, бетті ұстамауға, адамдармен қашықтықты сақтауға және түшкіру этикетін сақтауға кеңес береді», - деп жазады автор.


Халықаралық іс-шаралар коронавирус ошағына айналады. Неге? – Daily Mail


Халықаралық іс-шаралар коронавирус ошағына айналады. Ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесінде халықаралық шаралардан көз жұмған адамдардың 80 пайызына жуығында тұмау жұғатынын анықтады, деп жазады Daily Mail.

«Ғалымдар халықаралық бұқаралық шараларға бару респираторлы аурулардың жұғу көрсеткішін арттыратынын анықтады. Зерттеу барысында 2015 жылдың тамыз айы мен 2019 жылдың сәуір айы аралығындағы 28 мемлекеттегі 68 клиникалық мекемелердің дерегі ескерілді. Сол арқылы халықаралық шаралардың денсаулыққа әсері анықталды», - деп жазады автор.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, шетелден келген адамдардың 80 пайызға жуығы респираторлы аурумен ауырған. Оның ішінде тұмау мен пневмония 26 және 20 пайызды құрады. Жалпы алғанда олардың көбі шетелде бұқаралық шаралар кезінде ауру жұқтырған болып шықты.

«Ауру жұқтырудың ең көп көрсеткіші Мекке қаласында тіркелген. Респираторлы ауруларды жұқтырудың ең үлкен көрсеткіші қажылық кезінде тіркелген. Одан кейінгі орында спорттық шаралар тұр. Зерттеушілердің айтуынша, Олимпиада ойындары да ауру ошағына айнала алады», - деп жазады автор.


Пластикті ыдырататын микроағза табылды – The Guardian


Ғалымдар пластик қалдықтарын жинайтын қоқыс орнында полиуретанды ыдырата алатын бактерия тапты. Бұл пластик қалдықтарын өңдеу индустриясына жаңа леп беруі мүмкін, деп жазады The Guardian.

Автордың айтуынша, бұл полиуретанды ыдырата алатын алғашқы бактерия.

«Жыл сайын миллиондаған тонна пластик өндіріледі. Дегенмен, қалдықтар утилизацияланбай, қоқысқа жіберіледі. Мұның себебі – пластикті өңдеу өте қиын», - деп жазады автор. Оның жазуынша, негізінен пластиктің ыдырауы кезінде көптеген бактериялар тірі қалмайды. Дегенмен, жақында табылған микроағза бұл процеске төзімді болып шықты.

«Енді ғалымдар микроағза көмегімен пластик қалдықтарын өңдеуге кірісу үшін көптеген жұмыс атқаруы тиіс. Бұл жаңалық полиуретан өнімдерді утилизациялауға мүмкіндік беретін маңызды қадам», - дейді зерттеу тобысын мүшесі, Экологиялық зерттеулер орталығының ғалымы Герман Хайпипер. Оның айтуынша, бұл жаңалық проблеманы шешеді деп босаңсуға болмайды, керісінше, пластикті тастамай, қоршаған ортаны ластамаған жөн.

Айта кету керек, 1950 жылдан бері әлемде 8 миллиард тоннадан астам пластик өндірілген және оның көп бөлігі қазіргі таңда табиғатты ластап жатыр. Ғалымдар пластик табиғи ортаны улайтынын да айтып дабыл қағып жүр.



Соңғы жаңалықтар