Пластикалық отадан кейінгі әйел өлімі: сотта оқиғаның мән-жайы айтылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Алмалы ауданы сотында пластикалық отадан соң қайтыс болған Украина азаматшасы Дана Агамурадованың ісі бойынша сот жалғасып жатыр, деп  хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс бойынша сот алдында пластикалық хирург Дмитрий Писарев жауап беруде.

Дмитрий Писаревке ҚР ҚК 317-бабының 3-бөлімімен (өз міндетін дұрыс атқармауының кесірінен адам өліміне әкелу) айып тағылды.

Сот талқылауы барысында марқұмда  бауыры ауырады деген диагноз болғаны анықталған. Әйел өз диагнозы туралы Писаревке айтқан. Дана Агамурадованың қорғаушысының айтуынша, гепатит С жұқпасы болса, хирург ота жасамауы тиіс еді.

Ал Писаревтың қорғаушысы керісінше С жұқпасы бар адамға ота жасауға тыйым салынбайтынын айтты.

Сотта белгілі болғандай, хирург кәсіби міндетіне жатпаса да   анестезиолог-реаниматолог қызметін өзі атқарған.

Дана Агамурадова май түйіршіктері өкпе тамырын бітеп қалғандықтан көз жұмған.

 «Мұндай жағдайлар жергілікті немесе жалпы наркозға қарамастан болуы ықтимал нәрсе. Осы жайттың алдын алу мүмкін болмады. Мен ешқандай норманы бұзбадым», - деді Д. Писарев.

Сонымен қатар қорғаушылардың айтуынша, Дана Агамурадованың отасы хирургиялық отаға арналған жерде жасалмаған. «Центр Эстетики Ольги Рубас» емханасының процедуралық кабинетінде қолдан құралған аппаратпен жасалған.

Қайғылы оқиға 2016 жылы болған еді. 

Айта кету керек, жақында осыған ұқсас жағдай болды. Алматы емханаларының бірінде  30 жастағы келіншек отадан соң есін жимастан көз жұмған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар