Пласидо Доминго «Астана Опера» сахнасында ән салды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» сахнасында атақты Пласидо Доминго мен Үлкен Опера жұлдыздары Джузеппе Вердидің «Травиата» опреасын қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Пласидо Домингоның қатысуымен өткен операдағы басты Виолетта мен Альфредоның партияларын әлемдегі үздік сопранолардың бірі Марина Ребека (Латвия) және танымал қазақстандық тенор, «Астана Операның» жетекші солисі Медет Шотабаев орындаған.  Дирижері - АҚШ-тың атақты маэстросы Юджин Кон. Мұндай ауқымды мәдени шара «ЭКСПО-2017» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

Пласидо Доминго Марина Ребеканы соңғы 50 жылда Виолетта партиясын ең үздік орындағандардың бірі деп атаған. Ол Верди шедеврінің 15-тен астам түрлі қойылымдарында өнер көрсеткен және әлемнің үздік опера театрлары образдың Марина Ребеканың интерпретациясында толыққанды әрі нақты берілгенін мойындаған.

Әлемдік опера жұлдызы Марина Ребека талғампаз көрермен мен қатал сыншыларды мінсіз актерлік шеберлігімен, тамаша даусымен және айрықша тембрімен тәнті етті. Ол үздік халықаралық сахналарда жиі өнер көрсетіп тұрады.

Виолеттаның ғашығы Альфредо Жермонның партиясын танымал вокалист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, шет мемлекеттерде сұранысқа ие қазақстандық әртістердің бірі Медет Шотабаев орындады. «Астана Операның» жетекші солисі Италия, Швейцария, Австрия, Словакия, Франция, Бельгия, Нидерланды, Бразилия, АҚШ, Канада елдеріне жиі гастрольге шығады. Аталған мемлекеттердің барлығында қазақстандық әртістің тұрақты тыңдармандары қалыптасқан. Жақында ғана М.Шотабаев атақты Graz Opera (Австрия) сахнасында өнер көрсетті және 14 спектакльде Винченцо Беллинидің «Норма» операсындағы Полионның басты партиясын орындады. 

Дарынды америкалық дирижер Юджин Кон аңызға айналған Рената Тебальди, Джузеппе ди Стефано, Франко Корелли, Мария Каллас, Рената Скотто, Лучано Паваротти сынды вокалистермен бірге өнер көрсеткен. Соңғы 25 жылда дирижер Пласидо Домингомен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, бірлескен спектакльдер, концерттік бағдарламалар, көптеген CD және DVD-дискілерін жазумен айналысып жүр. Сондай-ақ, Юджин Кон 2008 жылдан бастап, танымал италиялық әнші Андреа Бочеллимен бірге жұмыс істеп келеді.

Еске сала кетсек, Вердидің «Травиата» операсының либереттосын Франческо Мария Пьяве кіші Александр Дюманың «Дама с камелиями» романының желісімен жазды. Атақты «Айналар травиатасының» қоюшы-режиссері -  Хеннинг Брокгауз (Италия), суретші-сахналаушы - Йозеф Свобода (Чехия), костюм суретшісі - Джанкарло Колис (Италия).

Атап өткен жөн, Пласидо Доминго мен әлемдік опера жұлдыздарының  қатысуымен өтетін «Травиата» «Астана Операда» 3 тамыз күні қайта қойылады.

Соңғы жаңалықтар