Планшет ұстаған заманда дәстүрді кітаптан оқысын - Есболат Айдабосын

None
None
  ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Бүгін Талдықорғанда жетісулық 39 ақын-жазушының кітаптарының тұсауы кесілді.  Қалың оқырманға жол тартқан туындылар тікелей облыс басшының қолдауымен жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Оның ішінде танымал журналист, "Алтын қалам", "Алтын тобылғы" сынды бірнеше республикалық байқаулардың иегері Есболат Айдабосынның да кітабы бар. Автордың  "Сүлікқара"  атты жинағы оның алғашқы туындысы. Сөйлем құрауда сүрінбейтін, өзіндік стилі бар  автор бұл кітапта мақсатты түрде, келер ұрпақ үшін жазылған шығармалар бар екенін  жеткізді. 

1

"Сүлікқара"- тұңғыш кітабым. Мен 2012 жылдан бері әңгіме-хикаяттар жазып келемін. Мұнда сол әңгімелер мен хикаяттар топтастырылған. Мәселен  "Сүлікқара" шығармасы  балаларға арналған. Шынайы өмірмен байланысқан. Ол жерде балалық бар, тазалық бар. Бір жылдары  "Дарабоз" деген реалити-шоу  бағдарламасын көріп отырсам, оған қатысушы жігіттер аттың мінер жағы мен қамшылар жағын ажырата алмай жатты. Маған сол кезде ой келді. Біз тайға мініп, бәйгеге қатысқан ұрпақпыз ғой, осыны келер ұрпаққа жазып қалдыру негізгі мақсатым болды. Қазір аттың орнына машина мініп, қамшының орнына айфон, планшет ұстаған заманда олар дәстүрді кітаптан оқысын деген оймен жаздым. Мәселен "Қамшы ұстар" атты шығармамда қамшының жасалу технологиясы, "Қызыл сақада" асық ойыны жайлы жазылған. Әрбір жазушы балалар әдебиетіне қалам тарту керек деп білемін. Өйткені бүгін балалар әдебиетін оқып өспеген ұрпақ,үлкен романдарды, тарихи дүниелерді оқымайды. Сондықтан біз осы бастан өз оқырмандарымызды тәрбиелеу керекпіз", - дейді  Есболат Айдабосын.

Сондай-ақ  "Жетісу жазушыларының антологиясы" жарық көрді. Тұңғыш рет оқырманға  жол тартқан жинақтың проза жанры бойынша құрастырушы Есболат Айдабосын. Антологияға 20-45 жас аралығындағы жетісулық қаламгерлердің шығармалары топтастырылған. Проза жанры бойынша 34 автордың шығармасы кітапқа енген.

"Жетісу жазушыларының антологиясын" жыл сайын кезең-кезеңімен шығарып отыру жоспарымызда бар», - дейді Е.Айдабосын. 

2

Сондай-ақ бұл кеште,  Е.Жүніс, Ж. Немеребаев, Н. Бектемірова, сондай-ақ "Хабар" телеарнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісі Әділхан Сахариевтің де кітаптарының тұсауы кесілді. 

Жалпы, облыс әкімінің қолдауымен 2006-2016 жылдар аралығында «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 327 автордың 402 млн. 597 мың теңгеге 281 838 кітабы шығарылды.

Соңғы жаңалықтар