Плагиат жасап, ән ұрлады деп айыпталған Эд Ширан сотта жауап берді

None
Фото: Getty Images - Tamla / Jim Britt / Archives Michael Ochs
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Осы аптада британ әншісі Эд Ширан Нью-Йорк сотында куәлік етті. Оған танымал Thinking Out Loud әні Марвин Гэйдің 1973 жылғы Let's Get it On композициясының плагиаты деген айып тағылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Thinking Out Loud - Ширанның ең танымал шығармаларының бірі, ол YouTube-та 1 миллиардтан астам мәрте қаралған.

32 жастағы Ширанды азаматтық процесте Марвин Гэйдің тең авторы Эд Таунсендтің мұрагерлері куәлік етуге шақырды.

Олар британ жұлдызын авторлық құқықты бұзды деп айыптап, оның 2014 жылғы хитінің әйгілі тректен «айнымайтынын» мәлімдеді.

Дәлелдердің бірі - Ширан тыңдармандарының 2014 жылғы концертте түсірген видеосы, онда ол екі әнді қатар орындайды.

Әншінің адвокаттары видеоны сотта қолдануға қарсы болғанымен судья рұқсат етті.

Айыптаушы тараптың заңгерлері бұл видеоны «Ширанның плагиатты мойындауы» деп атады.

Сотта әнші концерттерінде бар болғаны әндерді араластырып айтатынын мәлімдеді.

«Мысалы Let It Be-ден No Woman No Cry-ге ауысамыз және сол сияқты.. Сахнада 20 000 адамның алдында тұрып, осылай плагиат жасасам, ақымақтық болар еді», - деп жауап берді Ширан айыптауларға.

Міне, әлгі екі ән. Өзіңіз бағалаңыз:

Сотқа арыз 2017 жылы түскен, сот отырысы екі аптаға созылады деп күтіліп отыр.

Эд Ширан плагиат туралы шағымдарға бірінші рет тап болып отырған жоқ.

2016 жылы оған атақты «Photograph» әні ұрланған деген айып тағылды. Мартин Харрингтон мен Том Леонард бұл композиция The X Factor байқауының жеңімпазы Мэтт Кардл үшін жазылған «Amazing» әніне тым ұқсас деп мәлімдеді. Олар Шираннан 20 миллион доллар талап етті.

Іс сол жылдың сәуір айында бізге беймәлім сомамен шешілді.

2022 жылы Ширан 2017 жылғы Shape Of You хитіне қатысты сотта жеңіске жетті. Ол кезде әнші Сами Чокри мен Росс О'Донохьюдің 2015 жылғы Oh Why әнін көшірді деп айыпталды.

«Сөз тіркестерінің арасында ұқсастық болғанымен, айтарлықтай айырмашылықтар бар», - деп атап өткен судья Ширанды кінәсіз деп жариялады.


Соңғы жаңалықтар