ПИК-ті алмастыратын мүлік иелерінің бірлестігі қандай қызмет атқарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың ақпанына дейін тұрғын үйлерге қызмет көрсететін мүлік иелері бірлестігі (МИБ) ұйымдары құрылады. Бұл туралы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ әдістеме және аймақтық даму департаменті басшысының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүлік иелерінің бірлестігі ұйымдары әр тұрғын үй кешенінде құрылатын болады. Бұл бұрынғы пәтер иелері кооперативінің қызметін атқарады. Дегенмен, айырмашылығы көп. Мәселен, бір ПИК ондаған, тіпті жүздеген тұрғын үйге сервистік қызмет көрсетеді. Оған пәтер иелері ай сайын қажетті қаражат аударады. Осы жердегі кемшілік – азаматтар аударған ақша бір қоржынға түсіп отырды. Оны ПИК қайда жұмсайтынын, не сатып алатынын ешкім бақылай алмайды. Сондықтан подъездерге жөндеу жасау, лифтілерді бақылау және басқа да сервистік қызметтерді уақытынан кеш жасап жүр. Ал мүлік иелерінің бірлестігі ұйымы бір тұрғын үйдің шеңберінде құрылады, сәйкесінше бір есепшот ашылады және тек сол баспананы толық қамтамасыз етуге мүдделі», - деді Марғұлан Жеңісұлы.

Оның айтуынша, мүлік иелері бірлестігі ұйымының төрағасы жиналыс өткізіп, тұрғындар арасынан 3 адамнан тұратын «Үй кеңесін» сайлайды. Олар қажетті жұмыстардың жоспарын жасауы тиіс.

«МИБ-ті құру туралы жиналыс өткізген уақытта оған кем дегенде тұрғындардың 50% қатысуы керек. Қазіргі карантин талаптарына сәйкес, көп адам жиналуға болмайды. Сондықтан олар пәтер иелеріне арнайы сауалнама қағаздарын таратып, пікірін білуі тиіс. Кейін азаматтар ақылдаса отырып, 3 жылға «Үй кеңесін» бекітіп, тиісті құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруы қажет. Осы жұмыстар аяқталған соң, мүлік иелерінің бірлестігі ұйымы қызметін бастай алады. Бұл механизм қаражаттың ашықтығын да қамтамасыз ете алады. Әр ай сайын атқарылған қызметтер мен жұмсалған қаражат туралы МИБ тұрғындарға есеп беріп отыруы қажет», - деп атап өтті «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың казақстандық орталығы» АҚ әдістеме және аймақтық даму департаменті басшысының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімов.

Сондай-ақ, Марғұлан Жеңісұлының мәліметінше, пәтер иелері кооперативі аталған ұйым құрылған сәтте бірден жабылмайды. ПИК 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қызметін жалғастырады.

Айта кетейік, мүлік иелерінің бірлестігі сияқты механизм Германия, Польша елдерінде қарқынды дамыған. Отандық жүйені жасауда аталған мемлекеттердің тәжірибелері негізге алынған.


Соңғы жаңалықтар