ПИК-тен МИБ-ке өту: Астанада үй құжаттарын беруде кедергілер жасалады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда тұрғындарынан күн сайын меншік иелері бірлестігі қызметіне қатысты 7-10 ұсыныс келіп түседі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Мүлік иелері бірлестігі орталығының басшысы Гүлвира Әбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жыл басталғалы қалалық Мүлік иелері бірлестігі орталығына 7 мыңна астам түрлі өтініш, сауал келіп түсті. Сонымен қатар осы уақытқа дейін тұрғындардан мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) қызметіне қатысты 1700 ұсыныс қабылданды. Елордада Мүлік иелері бірлестігінің орталығы Республика даңғылы, 32 мекенжайында орналасқан. Күн сайын орталыққа МИБ-ке қатысты бастамашыл тұрғындардан 7-10 ұсыныс түседі. Кейбір тұрғындар МИБ-ке өту үшін не керек, қандай құжаттар қажет деп сұрап жатады», - деді Гүлвира Әбетова қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған орталықтың мамандары меншік иелері бірлестігі қызметіне қатысты тұрғындардың барлық сауалына жауап береді.

Сондай-ақ орталық басшысы елордада МИБ жүйесіне өту бойынша кедергілердің де барын жасырмады.

«Орталыққа келіп жатқан өтініштердің арасында шағым да бар. Айтар болсақ, тұрғын үйлерді басқарған бұған дейінгі органдар қаржыға қатысты құжаттарды МИБ-ке бергісі келмейді..., үй құжаттарын беруде кедергі жасайды. Сонымен қатар алдыңғы басқару органдары заңсыз сауалнама жүргізетініне, қаражат жинайтынына қатысты шағымдар бар. Еске сала кетсек, 2020 жылдан бастап басқару органы – үй кеңесі болып саналады, яғни кез келген құжаттар үй кеңесі арқылы расталуы керек», - дейді әкімдік өкілі.


Соңғы жаңалықтар