ПІБ Медорталығының Ақтөбедегі күндері: 30 операция жасалып, 150-ден астам кеңес беріледі

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы биыл еліміздің барлық өңірлерімен арада әріптестік байланысты нығайта түсуге баса мән беріп отыр. Бұл қадам Медорталықтың Ақтөбе облысындағы күндерін өткізуден бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ПІБ ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл акция өңірлердегі денсаулық сақтау саласын дамыту, отандық медицинаның деңгейін көтеру, халыққа жоғары сапалы көмек көрсету үшін қолға алынып отыр.

Қазіргі таңда Астанадағы Медициналық орталық аурухана мен Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың білікті нейрохирург, онколог, генетик, кардиохирург мамандарынан жасақталған команда аймақ халқына практикалық және консультациялық көмек көрсетіп жатыр. Олар шеберлік сабақтарын өткізеді, күрделі пациенттерді диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары туралы әңгімелейді. Жалпы, ПІБ Медорталығының күндері аясында 150-ден астам консультация жүргізіліп, 30 операция жасау жоспарланған.

«Мемлекет басшысы елімізде денсаулық сақтауды дамытудың негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді, ол үшін еліміздің әр азаматы озық технология мен әлемдік стандартқа сай сапалы медициналық көмекпен қамтылуға тиіс. Үздік әлемдік тәжірибені және технологияларды пайдаланып жүрген Медициналық орталық ұжымы бұл жетістігін бөлісуге қашанда дайын. Өңірлердегі әріптестерімізбен бірлесіп түрлі жобаларды іске асыру, диагностика мен емдеудің жаңа халықаралық хаттамаларын енгізу жөнінде тәжірибе алмасу, дәрігерлердің тағылымдамалары туралы келісімге қол жеткіздік. Мұның бәрі өңір халқының денсаулығын жақсарту жолында Ақтөбе облысы әкімдігімен Ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге бағытталған меморандумға енгізілді», - дейді ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей ЦОЙ.

Ақтөбе облысындағы ауқымды шараға ПІБ Санитарлық-эпидеомологиялық сараптама орталығы мен «Қарлығаш» балабақшасының мамандары да белсене араласып, өз бағыттары бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді, басқа да іс-шараларға мұрындық болады.

Атап айтқанда, ПІБ Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының өкілі санитарлық-эпидемиологиялық саулықты қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін заманауи зертханалық зерттеулердің өзекті мәселелері бойынша жергілікті «Ұлттық сараптама орталығы» базасында тренинг ұйымдастырды.

Рүстем Алиасқаров Орталықтың қызметімен таныстырып, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы нормативтік талаптарға сәйкес жүргізіліп жатқан зертханалық зерттеулер туралы әңгімеледі.

Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының директоры Сағынтай Гельманов ҰСО зертханасының қызметі туралы айтып берді.

Екі зертхананың мамандарына практикалық мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік берілді.

Тренинг аясында, Орталықтың директоры Сәуле Шарипова тамақ өнеркәсібі және қоғамдық тамақтану объектілерінің өкілдері үшін: үздік халықаралық тәжірибелер (GHP, GMP) және НАССР қағидаттары негізінде тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Азық-түлік кәсіпорындарында зертханалық бақылаудың тиімділігін арттыру бойынша оқу өткізді.

Тренинг Алиментариус Кодексінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық бағдарламалардың ұсынымдары негізінде әзірленді.

Тренингте қауіпті факторларды анықтау, тамақ өнімдерін өндіру/дайындау кезіндегі тәуекелдерді талдау және бақылаудың сыни кезеңдерін анықтаумен және тәуекелдерді басқару үшін қандай мониторинг жасау керектігін белгілей отырып, НАССР құралдарын практикада қолдану бойынша шеберлік сағаттары өткізілді.

Тренингке тамақ өнеркәсібі және қоғамдық тамақтану объектілерінен 38 бизнес өкілдері және Ақтөбе облысының ҰЭО мамандары қатысты.

Фото: ҚР ПІБ Медициналық орталығы
Соңғы жаңалықтар