Пхенчан олимпиадасында чемпион атанған қазақ қызына Бейжіңде жүлде бұйырмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжіңде өтіп жатқан Олимпия ойындарында биатлоннан әйелдер арасындағы спринт жарысында Беларусь атынан сынға түсіп жүрген қазақ қызы Динара Әлімбекова жүлдеден тыс қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дегенмен ол әйелдер арасында биатлоннан 7,5 шақырымдық спринттен ТОП-15 спортшының қатарына енді.

Аталған сында жерлесіміз Галина Вишневская-Шепоренко мәре сызығын 52-ші болып кескенін жазған болатынбыз.

Аталған бәсекеде Беларусь құрамасының атынан сынға түсіп жүрген қандасымыз Динара Әлімбекова чемпионнан (+1:28,5) бір жарым минут кешігіп, жалпы есепте 15-ші орынға табан тіреді.

Естеріңізде болса, Динара Әлімбекова осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Пхенчан қаласында өткен Олимпиадада чемпион атанған болатын.

Онда ол чемпиондық атаққа биатлоннан әйелдер арасындағы 4х6 шақырымдық эстафета жарысында қол жеткізген еді.

Сол тұста Беларусь құрамасында Динара Әлімбековамен бірге Надежда Скардино, Ирина Кривко және Дарья Домрачева есімді спортшылар сынға түсті.

Динара Әлімбекованың әкесі – қазақ, аты – Талғат. Шешесі – беларусь.

Динара 1996 жылы 5 қаңтарда Қарағанды қаласының іргесіндегі Абай ауданында дүниеге келген.

Үш жасында Беларусь еліне қоныс аударған спортшы қыз кішкентай кезінен биатлонмен айналысады.


Соңғы жаңалықтар