Pfizer вакцинасы Қазақстанға қашан қолжетімді болады – Бас санитар жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов «Америкалық Pfizer вакцинасы Қазақстанға қолжетімді бола ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Pfizer вакцинасы қазақстандықтарға екінші жартыжылдықтан кейін қолжетімді болуы мүмкін. Pfizer компаниясымен алдын ала уағдаластықтар бар, меморандум бекітілген, егжей-тегжейлі сұрақтар келіссөздер деңгейінде. Бір айта кетерлігі, өздеріңіз жаңалықтардан байқағандай, Pfizer вакциналары жетпей жатыр, компанияның өзге елдер алдындағы міндеттемелері әлі шешілмеген мәселе болып тұр. Ол вакцина -70 градуста сақталуы керек, барлық тетіктері әлі талқыланады», - деді Ерлан Қиясов №6 қалалық емханада тілшілерге берген сұхбатында.


Бас санитар дәрігер өз сөзінде уақыт жоғалтып алмауды айрықша атап өтті.

«Дәл қазір уақыттың бізді күтпейтінін түсіну керек, сондықтан қолда бар мүмкіндікті пайдалану керек. Барынша көп адамды қамту үшін бұл науқанды барынша ертерек бастаған жөн», - дейді Е. Қиясов.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.

Елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.



Соңғы жаңалықтар