Pfizer компаниясымен келіссөздер аяқталуға жақын – Алексей Цой

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer компаниясымен келіссөздердің қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Pfizer компаниясымен келіссөздердің барлық процесі құпиялылық келісімі аясында жабық. Оның кез келген кезеңін жұртшылыққа айта алмаймыз. Бір ғана айтарым, Қазақстан вакцинаның өзіне тиімді жағдайда жеткізілуі үшін бар күш-жігерін салды. Келіссөздер процесі жүріп жатыр және жақын арада келісім бекітеміз деп ойлаймын», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстан өз ұстанымын қорғай алды және келісім бекітуге қажетті шарттарға қол жеткізе алды.

Сонымен бірге, А. Цой «Pfizer вакцинасының жеткізілмей қалуына кім кінәлі?» деген сұраққа жауап берді.

«Мұнда көптеген факторлар мен жағдайлар бар және оларды көпшілікке ашып айта алмаймыз. Біз мақұлдай алмайтын шарттар келісімге қосылған болатын. Ал қазір ортақ мәмілеге келе алдық және келіссөздер аяқталуға жақын. Мұнда кім кінәлі деп сұрау артық, өйткені бұл – келіссөздер процесі. Қазақстан үшін дұрыс шарттарға жетпейінше бұл келісімді бекіте алмаймыз», - деп түсіндірді А. Цой.


Соңғы жаңалықтар