Петропавлға «Жидебай -Бөрілі» қорық-музейінің көшпелі көрмесі келді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлға «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің «Адамзаттың Абайы» атты көшпелі көрмесі келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамзаттың Абайы» деп аталған көшпелі көрме былтыр еліміздің бірқатар өңірлерін аралады. Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, сазгер, аудармашы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орайластырылған бұл іс-шараны кейін пандемияға байланысты тоқтатуға тура келді. Енді эпидемиологиялық жағдай біршама жақсарғандықтан Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің көшпелі көрмесі Петропавлға келіп отыр. Ол «Абылайхан резиденциясы» музей-кешенінде бір ай жұмыс істемек.

«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі 175 жылдық мерейтойына орай толықтай жаңартылып, заманауи технологиямен жабдықталып, мүлдем басқа кейіпке енді. Қазіргі таңда әлемдегі музейлермен тең дәрежеге жетті десек, артық айтпаймыз. Музей қорында 22 мыңға жуық экспонат бар. Оның ішінде Абайдың нақты өзінің қолының табы қалған, өзі ұстаған ең құнды жәдігерлер бар. Сондай жәдігерлерді өзімізбен ала келдік», - дейді музейдің ғылыми қызметкері Арай Жақыпова.

Көрмеге қойылған құнды заттардың бірі - ақынның шай ішкен құрсауланған кесесі. Көрермен назарына сондай-ақ, Абай ұстаған кесе қабы және ертоқымы, Әйгерімнің қобдишасы ұсынылған.

«1883 жылы Семейде өлкетану музейі ашылады. Сол музейге 1885 жылы Абай өзі досы Долгополов арқылы бірқатар тұрмыстық заттарды сыйға тартады. Кейін 1940 жылы Абай музейі ашылып, 1961 жылы сол заттардың біразы өлкетану музейінен Абай музейіне беріледі. Петропавлға құнды деген 20 шақты жәдігерді әкелдік», - дейді Арай Жақыпова.


Соңғы жаңалықтар