Петропавлдың үздік полицейлері марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат -Петропавлдың Полиция басқармасында қызметте ерекше көзге түскен полицейлерді марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция басқармасының қызметкерлері тәулік бойы облыс орталығында қылмыспен күресіп, қоғамдық, жол қауіпсіздігінің сақталуын қадағалайды. Полицейлер жұмысының басым бөлігі көзге көрінбегенімен, қаладағы қауіпсіздік тікелей офицерлер мен сержанттардың кәсібилігіне байланысты.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мейрам қарсаңында қызметін адал атқарған 6 полицей Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтің алғыс хаттарымен марапатталды. 8 қызметкер кезекті арнаулы атаққа ие болды. «Ішкі icтep органдарының үздігі» II дәрежелі медалімен қалалық Полиция басқармасының тылдық қамтамасыз ету бөлімі бастығы Қалабай Базарбаев марапатталды.

«Мен ішкі істер органдарында 1999 жылдан қызмет атқарып келемін. Жеңіс күні қарсаңында осындай марапат алып жатқаныма қуаныштымын. Әріптестеріме, әсіресе жас қызметкерлерге майдан даласынан жеңіспен оралған әкелері мен аталарының ерліктерін ұмытпауларын тілеймін», - деді Қалабай Базарбаев.

Салтанатты жиынға полицейлермен бірге ішкі істер органдарының ардагерлері де қатысты. Айта кетсек, қалалық Полиция басқармасының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғали Жұмағұловтың жетекшілігімен құқыққорғау органдарының зейнеткерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп тұрады, жас қызметкерлерге тәлімгер болып, Полиция басқармасының маңызды іс-шараларына қатысады.

Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұхатов жеке құрамға және ардагерлерге жасаған еңбектері мен адал қызметтері үшін алғыс білдірді.

Іс-шара қалалық мәдениет үйі шығармашылық ұжымдарының көмегімен әзірленген концерттік бағдарламамен аяқталды.

Соңғы жаңалықтар