Петропавлдың екінші жылу электр орталығында үш жылда 4 адам мерт болған

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы №2 жылу электр орталығында соңғы үш жылда өндірістік жарақаттанудың 8 дерегі тіркелген. Мамандар жазатайым оқиғалардың бір себебін ғимараттардың, құрылыстардың нашар жай-күйімен байланыстырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық кеңесінде өңірдің мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы есеп берді.

Ведомство басшысы Марат Омаровтың айтуынша, өндірістік жарақаттануды талдау барысында соңғы 3 жылда «Севказэнерго» АҚ аумағында 8 жазатайым оқиға тіркелгені анықталды.

Алған жарақатынан 4 адам қайтыс болған. Жазатайым оқиғалардан компания қызметкерлері де, оның аумағында жұмыс жүргізетін мердігерлік ұйымдардың жұмысшылары да зардап шеккен.

«Мәселен 2020 жылы Петропавл 2-жылу-электр орталығында 3 жазатайым оқиға тіркелді, алған күйіктен бір адам қайтыс болды, екеуі ауыр жарақат алды. 2021 жылы да 3 жазатайым оқиға болып, 3 адам жарақаттанды, біреуі кейін алған жарақатынан қайтыс болды. Былтыр 2 жазатайым оқиға тіркелді, оның біреуінде түтін мұржасының құлауынан №2 ЖЭО-ның бір жұмысшысы мерт болды, екінші жағдайда мердігер компанияның – «СтройЦентрАрсенал» ЖШС қызметкері қаза тапты», - дейді Марат Омаров.

Маманның айтуынша, өндірісте жазатайым оқиғалардың болуының бірнеше себебі бар.

«Жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмау, ғимараттардың, құрылыстардың техникалық жай-күйі, аумақтарды күтіп ұстау және жұмыс орындарын ұйымдастырудағы кемшіліктер, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу. Мұның бәрі жазатайым оқиғаларға әкеп соққан. Кәсіпорындағы еңбек жағдайларын жақсарту, өндірістік жарақаттануды және кәсіптік ауруларды азайту мақсатында басқарма облыс прокуратурасымен бірге күзде компанияда құрылымдық бөлімшелер, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтері басшыларының, бастықтарының қатысуымен семинар-кеңес өткізді», - дейді басқарма басшысы.

Енді облыстық прокуратураның тапсырмасы бойынша еңбек құқықтарының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау шарттарының сақталуы бойынша 2-ЖЭО-да кешенді тексеру жүргізілмек.


Соңғы жаңалықтар