Петропавлдың дизайн-кодын әзірлеуге 81 млн теңге бөлінді

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың әкімі Руслан Аңбаев тұрғындарды шаһардың дизайн-кодын әзірлеуге белсене қатысуға шақырды. Биыл дизайн-кодты жасап шығуға бюджеттен 81 млн теңге бөлінбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев бұл жайында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

«Сәуірдің 19-ы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңеске қатыстым. Отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалардың сыртқы кейпіне тоқталды.

Петропавл кішігірім, өзіне тән жылы атмосферасы, тарихы мен құндылықтары бар қала. Алайда, жаңа нысандардың құрылысы мен абаттандыруды жөнді жүргізбесек, осы ерекшеліктен айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан, биыл біз қаламыздың дизайн-кодын әзірлейміз. Мұндай құжат еліміздің көптеген қалаларында қолданылып келеді», - деп жазды Петропавл әкімі.

Руслан Аңбаевтың айтуынша, дизайн-код қаланың сәулеттік келбеті мен эстетикалық көрінісін жетілдіру жөніндегі ережелер мен ұсынымдардың жиынтығы болады. Бұл алдағы уақытта бой көтеретін нысандардың сыртқы келбеті өзара үйлесімді болуы, яғни қаланың ортақ келбетімен үндестік табуы үшін қажет.

«Дизайн-кодты әзірлеу үшін бюджеттен 81 млн теңге қарастырып отырмыз. Бұл соманы қалалық мәслихат сессиясында депутаттар қолдап, бекітті. Енді конкурс жариялап, іске кірісеміз.

Дизайн-кодты әзірлеуге тұрғындардың да белсене атсалыса алатынын атап өткім келеді. Қала келбетін ретке келтіру бойынша ұсыныстарды тұрғындардан қабылдайтын боламыз. Облыс орталығын одан әрі құлпырту үшін бірге аянбай еңбек етейік!», - деді Руслан Аңбаев.