Петропавлдың 30 ауласында 1 мамырға арналған мерекелік іс-шара өтеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқының бірлігі күні биыл Петропавлдың орталық алаңдарында ғана емес, 30 аулада да аталып өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамырдың 1-і Петропавлда ауқымды мерекелік бағдарлама жоспарланған. Орталық коммуникациялар қызметі СҚО филиалының хабарлауынша, іс-шаралар күндізгі 12.00-де облыс орталығындағы бас алаңда «Болашағымыз бірлікте» концерттік бағдарламасымен ашылмақ. Мерекеге СҚО әкімі Құмар Ақсақалов және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Кәрібай Мұсырман, Сергей Звольский, Артур Платонов, Құралай Қаракен, Наринэ Микаэлян, Магирам Маггерамовтер және қала жұртшылығы қатысады.

Сондай-ақ, бұл күні «Құрмет» орденінің иегері, эстрада жұлдызы Тамара Асар өнер көрсетеді деп жоспарланған.

Петропавлдықтар мен қала қонақтарына тосын сый әзірленген. Темірді балшықша илейтін ғаламат күш иесі, 4 дүркін әлем рекордшысы, Қазақстанның 5 дүркін рекордшысы, Гиннестің рекордтар кітабына 4 мәрте есімі жазылған Сергей Цырульниковтің шоу бағдарламасы көрерменге ұсынылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ынтымағы жарасқан қазақ елі» атты ұлттық мәдениеттердің облыстық фестивалін өткізбек. Әдеттегідей спорттық ойындар да назардан тыс қалмайды. «Сақа» ойынынан жарыс жоспарланған.

Ал орталық алаңға бармағандар Қазақстан халқының бірлігі күнін өз ауласында мерекелеуге мүмкіндік алмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл Петропавлдағы 30 аулада сахна орнатылып, жергілікті өнерпаздар концерт беретін болады.

Соңғы жаңалықтар