Петропавлдың 270 жылдық мерейтойы қалай тойланады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Шілденің екінші жексенбісі күні Петропавлда қала күні атап өтіледі. Биыл шаһардың 270 жылдық мерейтойына орай ауқымды бағдарлама жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, қалалық мәслихаттың 2005 жылғы шешіміне сәйкес Петропавл күні шілденің екінші жексенбісі тойланып келеді, биыл ол 10 шілдеге түскен.

Шаһардың 270 жылдық мерейтойы облыс орталығының негізгі бес алаңында – Қазақстан Конституциясы көшесіндегі бас алаңда, мәдениет және демалыс саябағында, Пестрое көлінің маңындағы «Солтүстік жұлдызы» саябағында, «Динамо» стадионы мен Жеңіс саябағында атап өтіледі.

Іс-шаралар сағат 11.00-де бас алаңда «Сүйікті қала» театрландырылған концерттік бағдарламасымен басталады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасы бұл күні «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Яғни, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері қойылған 30 павильон жұмыс істейді.

Жастар ресурстық орталығы ұлттық ойындарды ойнатып, фотокөрмені, шағын футбол жарыстарын, құттықтау флешмобын, жастар субмәдениеті фестивалін ұйымдастырмақ.

Балалар да ұмыт қалмай, қаланың кішкентай тұрғындарына бірқатар қызықты іс-шара өткізіледі. Мәдениет және демалыс саябағының орталық кіреберісіндегі алаңда қуыршақ труппасы өнер көрсетеді, бейнелеу өнерінен шеберлік сағаттары, аниматорлармен ойындар өтеді. Сонымен қатар, бұл күні қыздар арасында «Петропавлдың кішкентай аруы» атты сұлулық пен талант байқауы ұйымдастырылмақ.

Қаланың білім беру ұйымдары ескі саябақ аумағында «Сүйікті кала» аула ойындарының фестивалін өткізеді. Жөндеуден өткен «Динамо» стадионында теннис, жағажай волейболы, шағын футбол, баскетбол және стрит воркауттант бірқатар спорттық жарыс жоспарланған. «Солтүстік жұлдызы» саябағында алғаш рет триатлоннан жарыс өткізілмек.

Мереке соңында белгілі қазақстандық DJ «Майор» диджейінің қатысуымен кешкі жастар бағдарламасы өтеді, файер-шоу және жарық шоуы жоспарланған.

Ақерке Дәуренбекқызы


Соңғы жаңалықтар