Петропавлдың 20 жастағы тұрғыны есірткі қылмысы үшін 10 жылға сотталды

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың 20 жастағы тұрғыны аса ірі көлемде синтетикалық есірткімен ұсталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 жастағы петропавлдықты ақпан айында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұстады. Жігітті тінту кезінде одан 397,62 грамм, көпшілікке «тұз» атауымен белгілі «Альфа-PVP» синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаевтың айтуынша, бұл есірткі мыңдаған жасты нашақорлыққа тарту үшін жеткілікті.

Күдіктінің тұрғылықты жерін тексерген полиция қызметкерлері пәтерден электрондық таразы мен буып-түю материалдарын тапты.

Тергеу барысында жігіттің 2021 жылдың қыркүйегінен бастап синтетикалық есірткі сататын интернет-дүкеннің «таратушысы» ретінде «жұмыс істегені» анықталды. Telegram мессенджері арқылы сауда жүргізген ол психотроптық заттардың аса ірі партияларын бірнеше рет қабылдап, оларды арнайы орындарда қалдыру арқылы таратқан. Петропавлда ғана емес, Қостанай облысының Рудный қаласында да қылмыстық іспен айналысқан.

«Еске саламыз, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу - аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Жеңіл жолмен табыс табамын деп болашағыңа балта шаппа», - дейді Жандос Басыбаев.

Қазіргі уақытта интернет-дүкеннің жұмысы тоқтатылған.



Соңғы жаңалықтар