Петропавлдың 18 жастағы тұрғыны 20-дан астам студентті алдап, несие рәсімдеткен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер бірнеше ай бойы алаяқтықпен айналысып, студенттерге несие ресімдеткен 18 жастағы бозбаланы ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 жастағы Петропавл тұрғыны студенттерді алдап, несиеге телефон алғызған. Жәбірленушілердің айтуларынша, жас жігіт оларды интернет арқылы тауарды несиеге алуға үгіттеген және кейін акция шарты бойынша несиені өтеудің қажеті болмайды, яғни қарыз кешіріледі деп сендірген. Алаяқтың арбауына түскендер ұялы телефон сатып алған. Оны белгілі бір сыйақыға жігітке өткізген. Алайда уақыт өте келе олар уәде етілгендей несиелерінің жабылмағанын көрген. Осылайша, полиция басқармасына 20-дан астам арыз түсті. Тәртіп сақшылары алданып қалғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін деп отыр.

Жәбірленушілердің әрқайсысы орта есеппен 200 мың теңгеге дейін шығын шекті. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қылмыс жасады деген күдікпен полицейлер 18 жастағы қала тұрғынын ұстады.

«Күдіктінің сөзінше, ол тамыз айынан бастап осы тәсілмен жастарды алдай бастаған. Тергеушілер қазір барлық мән-жайды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде осы істегі эпизодтар 20-дан асады. Күдіктінің құрбандары Петропавлдың оқу орындарының студенттері», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Әлнұр Ахмедьяров.

Алаяқ қымбат телефондарды арзанға қала базарларына өткізіп отырған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Соңғы жаңалықтар