Петропавлдықтарға су құбырының жарылуынан болған шығынды кім өтейді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда су желісінде болған апатқа мердігер компания жауап береді. Былтыр пайдалануға берілген су трассасының кепілді мерзімі аяқталмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жарылған су құбыры тозуына байланысты 2019 жылы жаңғыртудан өткен. Сол жолы су трассасының 300 метрі ауыстырылды. Мердігер компания – «Ремстройсервиспв» ЖШС. Бұл – астаналық ұйым. Осы мақсатқа 87 млн теңге жұмсалды.

«Компания тарапынан жұмыс уақтылы атқарылды. Тек көгалдандыру бойынша мәселе болды, олар мерзімінде аяқтап үлгермеді. Осыған байланысты қала әкімдігі бірнеше рет ескерту айтты.

Су құбырын жаңғырту жұмысы келісім бойынша толық атқарылды. Нысан былтыр пайдалануға берілді. Екі жыл кепілдік мерзімі бар. Ол әлі біткен жоқ», - дейді бөлімнің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Апаттың салдары әлі толық жойылған жоқ. «Қызылжар Су» ЖШС-нің авариялық бригадалары өткен түннен бері жұмыс істеп жатыр. Ол әлі аяқталған жоқ. Тек содан кейін ғана «Қызылжар Су» мердігер компаниядан шығынды өндіріп алмақ.

«Әзірге апаттың себебі толық анықталған жоқ. Егер де жұмыстың сапасыз атқарылғаны дәлелденетін болса, онда мердігер барлық тұрғынға материалдық шығынның орнын толтырады. Ал әкімдік тарапынан бұл ұйымға қатысты талап-тілек жолданады, қажет болса сотқа жүгінеді.

Кешеден бері мамандар сол аудандағы үйлерді аралап, шығын шеккен тұрғындарды анықтап жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс әлі аяқталған жоқ. Егер де осы апат кезінде тұрғындардың үйін су басса, олар 109 нөмірі арқылы iKOMEK-ке хабарласа алады. Біздегі мәлімет бойынша ешбір үйге су кірген жоқ, тек аулалар, балалар алаңдарын су басты. Әзірге екі тұрғыннан ғана арыз түсті», - дейді Әсем Айтулова.

Естеріңізге салайық, кеше Петропавлда Д-800 мм су құбыры жарылып, қала сусыз қалды.

Оқиға орнына жұмысына енді кіріскен СҚО әкімі Айдарбек Сапаров та барып, жағдайды көрді.

Әзірге, сумен қамту толық қалпына келген жоқ.


Соңғы жаңалықтар