Петропавлдықтар емхана жұмысын QR код арқылы бағалай алады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында Петропавлдағы № 3 қалалық емхананың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№ 3 қалалық емхана облыс бойынша амбулаторлық-емханалық қызметке цифрландыруды енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырып отыр. Қазір учаскелік дәрігерлерге электрондық түрде жазылуға болады. Дәріханалардан тегін дәрі алу, зертханаға қан тапсыру, функционалдық диагностика кабинеттеріне, әйелдер дәрігеріне кіруге электрондық кезек жұмыс істейді.

«Qyzyljar - adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің ұсынысымен биылғы 20 мамырдан бастап QR код арқылы электрондық сауалнама жұмыс істей бастады. Мамандардың айтуынша, бұл қызмет сырқаттармен кері байланыс орнату үшін қажет.

«Электрондық сауалнама бойынша апта сайын жиналыс өткізетін боламыз. Сырқаттардың әр шағымы, ұсынысы назардан тыс қалмайды. Сапасыз қызмет көрсетуге ненің себеп болғанын - қондырғы ма, не болмаса дәрігер ме, анықтаймыз», - деді емхананың бас дәрігері Әлия Тәшетова.

Сондай-ақ қазіргі таңда зертханалық ақпараттық жүйені енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

«Сырқаттардан түсетін арыз-шағымдар шамамен 90% азайды. Әсіресе, кезек бойынша. Бұрын кезекте 2 сағатқа дейін отырса, қазір көп болса 40 минут күтеді. Зертханаларда қызмет көрсету 6 минуттан 3 минутке дейін қысқарды. Мамандар қағазбастылықтан құтылды», - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев.

Алик Шпекбаев сырқаттармен сөйлесіп, енгізіліп жатқан жаңашылдықтар бойынша пікірлерін білді. Ал емхана басшылығына «арыз бен ұсыныс кітабын» бастап, көрінетін жерге қоюға кеңес берді. Өйткені, егде жастағылардың көпшілігі электрондық қызметті пайдалана алмайды.

Айта кетейік, «Qyzyljar - adaldyq alańy» жобалық кеңсесі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін құрылған. Емханада бұл кеңсе жайында білетіндері ұнады. Яғни жұмыстар атқарылып жатыр. Халық бұл жобалық кеңсенің не үшін құрылғанын, қалай жұмыс істейтінін білуі керек», - деді агенттік төрағасы.

Соңғы жаңалықтар