Петропавлдық ұстаз диеталық нан пісірудің жаңа технологиясын әзірледі

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда колледж оқытушысы оқушыларымен бірге адам ағзасына зияны жоқ, пайдасы көп нанның рецептін жасап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наталья Лошкарева - Петропавлдағы Ескендір Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің арнайы пәндер оқытушысы. Өндірістік оқыту шебері ұстаздық пен зерттеу жұмыстарын қатар алып келеді. Оның соңғы жетістіктерінің бірі – диеталық нан пісірудің жаңа технологиясы.

«Соңғы кезде диеталық тағамдарға сұраныс артып келеді. Жұрттың талабы да айтарлықтай артқан. Сондықтан диеталық нанды пісіруде мен қанттың орнына стевиозидті, әрі тұтас дәнді ұнды қолдандым. Стевиозид – иіссіз, бірақ өте тәтті ақ ұнтақ зат. Оны стевия өсімдігінің жапырағынан жасайды. Қанттан 250 есе тәтті. Сондай-ақ бактерицидті әсері бар. Бұл дайын өнімдегі диеталық талшықтардың санын көбейтуге және гликемиялық индексін төмендетуге мүмкіндік берді. Осылайша, жаңа рецепт бойынша пісірілген нан ағзаға өте пайдалы болып шығады, қан құрамындағы қантты азайту қасиетінің арқасында диабетке шалдыққандарға да қауіпсіз», - дейді Наталья Лошкарева.

Колледж ұстазы осы жаңалығын сабақта қолданып, студенттерге дұрыс тамақтану негіздерін түсіндіреді, ол бойынша магистрлік диссертация да қорғаған.

Қазір Наталья диеталық тамақтанудың тағы бір бағыты бойынша зерттеулер жүргізіп келеді. Ол өндірістік ашытқыны зиянсыз түріне алмастырып, баламасын жасап шықпақ. Өйткені, өндірістік ашытқының бірқатар дертке шалдыққандарға қарсы көрсетілімі бар.

Колледждің өз зертханасы бар. Мұнда өндірістік оқыту шебері студенттерін зерттеу жұмыстарына баулып, түрлі тәжірибе жасайды. Ағзаға зияны жоқ, пайдасы көп печенье, түрлі тоқаш, нан пісіруге тырысады. Ол үшін табиғи өнім - жаңғақ, пісте, ірімшік, жеміс-жидекті пайдаланып, ұнның бірнеше түрін біріктіреді. Мәселен олар әзірлейтін даршын мен лимон қосылған нан қандағы қантты қалыпқа келтіреді екен.

Болашақта колледж түлектері өз наубайханаларын ашып, бұл жетістіктерді өз жұмыстарында пайдаланбақ.

Ал Наталья Лошкарева 2021 жылы облыстық «Үздік педагог» кәсіби шеберлік байқауында жеңімпаз атанды.



Соңғы жаңалықтар