Петропавлдық сирек кездесетін револьвер тауып алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдық бойжеткен өз учаскесінен тауып алған сирек кездесетін көне револьверді полицияға тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Петропавлдық бойжеткен Қызылжар ауданында сатып алған учаскесін қарап жүріп, көмбе тауып алған. Қаптың ішінен екі қосауыз мылтық пен револьвер шығыпты.

«Револьвер - сирек кездесетін 1930 жылы шығарылған наган болып шықты. Бұл қару XIX ғасырдың соңында жасалған. Сенімді болғандықтан әлемнің көптеген әскері қолданды. Кеңес милициясы да оның өзгертілген түрін көпке дейін қолданды», - дейді мамандар.

Олжасын бойжеткен полицияға тапсырды. Енді ол бұл қарулар үшін 130 мың теңгеге дейін сыйақы алуы мүмкін. 16 калибрлі қосауыз (ТОЗ-Б және ТОЗ-63) мылтықтар 2-нші санатпен қабылданатын болса, яғни атуға жарамды, әрқайсысына 53 025 теңге төленеді. Ал револьвер 3-інші санатқа жатқызылды, ол үшін бойжеткен 30 300 теңге алатын болады.

«Акция аясында қару тапсырғандар ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Полиция ол қарудың қайдан келгенін қазбалап сұрамайды, әрине үйінде заңсыз сақталған қарудың бұрын қылмысқа қатысы болмаса», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.

Соңғы 3 аптаның ішінде солтүстікқазақстандықтар жоспарланған қару-жарақтың 70 % - 80 данасын тапсырған. Тұрғындарға 4,5 млн теңге сыйақы берілмек.

Полицейлердің айтуынша, тұрғындар көбіне тегіс ұңғылы қаруды тапсырады екен. Сапасына қарай 22 725,53-тен 75 750 теңгеге дейін төленеді. Қазір қару-жарақты тапсыру бойынша, сондай-ақ Мағжан Жұмабаев, Айыртау және Тайынша аудандары алда келеді.

Соңғы жаңалықтар