Петропавлдық майдангер Джура Кобелев 102 жасқа толды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының тұрғыны, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Джура Кобелев 102 жасқа толды. Туған күн иесін солтүстіқазақстандық полиция өкілдері құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Джура Кобелев 1917 жылы 2 мамырда Өзбекстанда көпбалалы шаруаның отбасында дүниеге келген. Қызыл Әскерге кавалерист ретінде шақырылып, Сталинград маңындағы қанды ұрыстарға қатысқан. Соғыста қатты жарақат алып, Қазақстанда емделген.

1945 жылдан кейін майдангер ішкі істер органдарына қызмет етуге жіберілді. Милицияда Джура Кобелев зейнетке дейін түрлі лауазымдарда еңбек етті. Ардагер соғысып қана қоймай, милицияда да еңбек еткенін мақтан тұтады.

Жылдағы дәстүр бойынша майдангерді СҚО ПД бастығының орынбасары Қапез Дәулетбаев, қалалық Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов, сондай-ақ ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғазы Жұмағұлов бастаған замандастары құттықтады. Олар Джура Кобелевке мықты денсаулық, балалары, немерелері мен шөберелерінің қуаныштарына куә болып жүруін тіледі.

102 жасқа келген ақсақал офицерлердің жылы лебізіне риза болып, өз кезегінде келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтады.

Қазіргі таңда облыстың ішкі істер органдарында еңбек еткен соғыстың 4 ардагері бар. Олар әрдайым тәртіп сақшыларының назарында.

Соңғы жаңалықтар