Петропавлдық кәсіпкерге оқ атқан 2 күдікті ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тәртіп сақшылары кәсіпкерге оқ атып, жаралаған екі күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, таяуда белгісіз біреулер Петропавл қаласында бизнесменге шабуыл жасап, оқ атқан болатын. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен Қызылжар ауданынан 1997 жылы туған және Петропавл қаласынан 1990 жылы туған екі жігіт ұсталып, қамауға алынды.

Бұған дейін бұл факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Бұзақылық» бабы бойынша енгізілсе, ол тергеу барысында «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян тигізу» бабына өзгертілді.

«Қазіргі уақытта істің мән-жайы, барлық қатысты адамдар, олардың осы қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Бірнеше тиісті сараптама жүргізіледі. Қылмыстық істің тергеу барысы, процессуалдық шешімдердің заңдылығы және негізділігі полиция департаменті басшылығының, облыс және қала прокуратурасының қадағалауында», - делінген хабарламада.

Қылмыстық оқиға 26 тамыз күні, таңғы 4.00-тер шамасында болған. Зардап шегуші ауыр халде облыстық ауруханада жатыр.



Соңғы жаңалықтар