Петропавлдық егіз бала Азия чемпионатында грек-рим күресінен алтыннан алқа тақты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдық егіз бала Рауан мен Нариман Бекімовтер Қырғызстанның Бішкек қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен чемптон атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл күндері Қырғызстанның Бішкек қаласында кадеттер арасында (U17) және 23 жасқа дейінгі (U23) жастар арасында грек-рим, әйелдер және еркін күрестен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты додаға 21 елдің спортшылары қатысуда.

Осы жарыста Солтүстік Қазақстан облысының екі спортшысы грек-рим күресінен чемпион атанды. Рауан мен Нариман Бекімовтер – егіздер. Азия чемпионатында 51 келі салмақта күрескен Рауан Бекімов ақтық ойында қырғыз спортшысымен кездесіп, 8:0 есебімен таза жеңіске жетті. Ал Нариман Бекімов өзбек спортшысын 8:2 есебімен жеңді. Осылайша екеуі де спорт шеберінің нормативін орындады.

Ағайындылар Петропавлдағы облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқиды. Биыл 11 сыныпқа көшті.

«Рауан мен Нариман бізге 7 сыныпта келді. Олар Петропавлда туған. Екеуінен зор үміт күтеміз. Аяқ алыстары жаман емес. Тек биыл Рауан Францияда өткен ХХІХ Бүкіләлемдік жазғы гимназиядада күміс жүлдені еншіледі. Нариман осының алдында ғана Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық турнирде 2 орын алды. Ол Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен еді», - дейді оқу ордасының грек-рим бөлімінің әдіскері Гүлмира Шаймерденова.

Азия чемпиондарын жарысқа дайындап апарған жаттықтырушы Серәлі Құсайыновтың айтуынша, балалар өздеріне артылған сенімді ақтай білді.

«Екеуі де мінезді спортшы, боз кілемде соңына дейін күреседі. Осы чемпионатқа біз тек жеңіспен ораламыз деп мақсат қойып барды. Жалпы спортқа 12 жаста келген. Төрт жылдың ішіндегі нәтижелері жаман емес», - дейді Серәлі Құсайынов.

Нариман мен Рауан Бекімовтер грек-рим күресінен Әлем чемпионатына жолдама алды. Кадеттер арасындағы жарыс 25 шілде күні Италияда басталады.


Соңғы жаңалықтар