Петропавлдық дәрігер медициналық туризмді дамытуға атсалыспақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы кардиологиялық орталықтың дәрігері Дмитрий Тё «Корея - Орталық Азия» ынтымақтастық форумы аясында өткен халықаралық байқаудан жеңіспен оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Медициналық туризмді дамытуға арналған қазақстандық стартап-идея Сеулде өткен байқауда жүзге жақын жобаның ішінен корейліктердің қызығушылығын тудырып, үшінші орынды жеңіп алды. Инноватор дәрігердің ойлағаны іске асса, шетелдіктердің тарапынан еліміздің клиникаларына деген сұраныс еселеп артпақ.

Жобаның әзірше ағылшын тілінде жасалған таныстырылым нұсқасы ғана әзір. Идеяны жүзеге асырушылардың бірі Асқат Әубәкіровтің айтуынша, олар жасаған сайт «Gnosia» деп аталады. Грек тілінен аударғанда «білу» деген мағынаны береді екен. Яғни, кез келген сырқат халықаралық сайттан өзіне қажетті ақпаратты тегін білетін болады.

«Бұл жерде кез-келген дертті емдеу бойынша қандай клиникалар бар екендігі, олардың рейтингі, мамандары жайында мағлұмат беріледі. Сайт болашақта шет тілін білмейтін адамдарға ыңғайлы болмақ. Бұл жерде аудармашыны тауып, ұнаған клиникамен келісімге отырып, кейін еш қиындықсыз емделуге баруға болады», дейді веб-дизайнер Асқат Әубәкіров.

Жалпы, бұл медициналық стартап - ұжымдық жұмыс. Кардиологиялық орталықтың рентген-кардиохирургы Дмитрий Тёның жетекшілігімен жиырма шақты адам жобаны жүзеге асырып жатыр. Стартап-идеяның баламасы АҚШ-та ғана бар. Солтүстікқазақстандықтар «Gnosia» арқылы Қазақстанның, Орталық Азияның, Ресейдің және Оңтүстік Кореяның клиникаларын бір жерге шоғырландырмақ.

«Біз сайтқа ең алдымен қазақстандық клиникаларды орналастырамыз. Танымалдығын арттыруымыз керек. Өйткені, елімізде шетелден кем емес ауруханалар, мамандар бар. Петропавлдағы кардиоорталыққа арнайы келіп, жоғары технологиялық ем алып риза болып кетіп жатқан шетелдіктер бар. Платформа әзірленіп жатыр. Біз бұл жерде толық мағлұмат болғанын қалаймыз. Сайтқа кірген сырқаттың таңдау құқығы болуы керек», - дейді кардиологиялық орталықтың рентген-кардиохирургы, жоба жетекшісі  Дмитрий Тё.

Петропавлдағы кардиологиялық орталықта биыл 50-ден астам шетелдікке жоғары технологиялық көмек көрсетілген. Білікті мамандар жеткілікті, медициналық мекеме соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Бағасы да шетелмен салыстырғанда анағұрлым арзан. Дәрігердің айтуынша, АҚШ-та коронарлық шунттау отасы 100 мың доллар тұрса, елімізде оны 20 есе төмен бағаға жасатуға болады. Елімізде медициналық туризмнің дамымай отырғандығының бір себебі - жарнаманың жоқтығы. Дәрігердің айтуынша,  Оңтүстік Корея бұл істе көш ілгері кеткен. Моңғолияның 1/3 бөлігі, АҚШ-тың әскери әуе базасы, Қиыр Шығыс тұрғындары - бәрі осы мемлекетте емделеді. Биыл тек 15 мың қазақстандық Оңтүстік Кореяға медициналық туризммен келіп, 1млрд АҚШ долларын қалдырып кеткен.

«Жобаның жұмысы өте көп. Ақпаратты тырнақтап жию керек. Сұраныс болуы үшін, халықаралық  маңызға ие болуы қажет. Қазір клиникалармен хабарласып ақпарат жинап жатырмыз. Олар сырқаттарға қандай көмек көрсете алады, бағасы қанша болады. Мүмкін, портал арқылы тегін емделу мүмкіндігі қарастырылар. Әріптестік жайында келіссөздер жүргізіліп жатыр», дейді кардиологиялық орталықтың рентген-кардиохирургы, жоба жетекшісі  Дмитрий Тё.

Бұл - Дмитрий Тёның екінші гранты. Бұған дейін ол Оңтүстік Кореяның денсаулық министрлігінің кардиология және радиология салалары бойынша білім беру грантын жеңіп алып, екі ай білімін шыңдаған болатын. Ал, осы жолы сыйға берілген грант - 2000 АҚШ доллары медициналық стартапты толық жүзеге асыруға жеткіліксіз. Корейлік инвесторлардың есебінше, жобаға ең кемі 200 мың АҚШ доллары қажет. Алайда, солтүстікқазақстандық инноваторлар мойымайды. Жаңа жылда стартап-идея нәтижесін бере бастайды деген сенімде.

 

Соңғы жаңалықтар