Петропавлдық бал қымыз жасаудың құпиясымен бөлісті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдық Ағыбай мен Зайра Қыдбековтардың дастарханынан жыл он екі ай бал қымыз үзілмейді. Ата дәстүрді жалғастырып отырған отбасы артылғанын сатып, қымызды табыс көзіне де айналдырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағыбай мен Зайра Қыдбековтардың жылқы ұстап, бие сауумен айналысып жүргендеріне отыз жылға жақындапты. Тіпті, қалаға көшіп келгесін де ата кәсіпті тастай алмай, мал ұстау үшін үйді қаланың шеткері жағынан арнайы алған екен. Қазіргі уақытта олардың сауып отырған 3 биесі бар.

«Дастарқанымыздан қымыз үзілмейді. Жылқы киелі жануар ғой, оны күтіп-баптауды әке-шешеміз үйретті. Қазір білгенімізді өз балаларымызға үйретіп жатырмыз. Келін-баламыз, күйеу баламыз - бәріміз отбасымызбен айналысамыз», - дейді Зайра Қыдбекова.
null

Шаруашылыққа дені сау, сүті мол, кең құрсақты сақа биелер таңдалып алыныпты. Қазір биелер 3 рет сауылса, жазда сауын мезгілі екі есеге көбейеді. Қыста әрқайсысы 5 литр сүт берсе, көк шыға 10-15 литрге жетеді екен.

«Қымыз балдай тәтті болу үшін саумалды екі сағат бойы күбіде пісіріп, кейін қымыз жылы жерде 12 сағат тұрып, ашуы тиіс. Сондай-ақ ыдыс-аяқтың тазалығына аса мән берген жөн. Күбіні апта сайын жуып, кептіріп отыру қажет. Дәмді болу үшін сүрленген қазы салады, түтінге ыстайды», - дейді күбі піскен Зайра апай.
null

Балаларымен ақылдаса келе биыл Ағыбай мен Зайра Қыдбековтер жылқы санын көбейтуді жоспарлап отыр. Қазір бұрынғыдай емес, қымызға сұраныс артқан. Тапсырыс берушілер жетерлік. Кейде келіп сұрағандарға жетпей қалып жатады екен.

null

Соңғы жаңалықтар