Петропавлдағы «ЗИКСТО» зауыты жұмысшыларының еңбекақысы төленетін болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы «ЗИКСТО» машина жасау зауытының мәселесі жақын арада шешіліп, жұмысшыларының еңбекақысы төленетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ЗИКСТО» АҚ кәсіпорнының жұмысшылары екі айдан бері еңбекақыларын алмаған. СҚО ішкі саясат басқармасының мәліметінше, бұл жөнінде зауыттың 5 жұмысшысы Құқық қорғау қызметі орталығына арызданды. Мәселеге Петропавл қаласының прокуратурасы, еңбек инспекциясы араласып, зауыт жұмысшылар алдындағы қарызын өтейтін болды.

«Ресей мемлекетінен сатып алынатын құрамдас бөлшектердің құны 2,5 есеге қымбаттап кетті. Бұрын жасаған келісімшарттармен жұмыс істеу тиімсіз болды. Бұл мәселе жақын арада шешілуі керек. 2 ай бойынша еңбекақы қарызымыз 95 млн теңгеге жуық. Ал, электр энергиясы үшін 40 млн жуық теңге берешегіміз бар», - дейді «ЗИКСТО» АҚ бас директоры Ринат Шамсутдинов.

Зауыт басшысы жұмысшылармен кездесіп, мәселенің ай соңына дейін шешілетінін айтты. Бұл түйткілді облыс әкімі де назарға алды. Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі facebook парақшасында кәсіпорынға қатысты пікірін білдірді.

«ЗИКСТО» зауытында еңбекақы бойынша қарыз вагон құрастыру үшін қажет бөлшектердің дұрыс жеткізілмеуінен туындады. Қазір балама жолдарын іздеп жатырмыз. Біз зауыт жұмысшылары құқығының бұзылуына жол бермейміз. Жұмыс беруші өз қызметкерлері алдындағы барлық міндеттерін орындайтын болады. Зауыт басшылығы жақын арада қарызды жабуға уәде етті. Мен оны өз бақылауымда ұстаймын», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ,бұл сұрақ бүгінгі әкімдік отырысында да көтеріліп, өңір басшысы мәселені өз бақылауына алатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар