Петропавлдағы ЖЭО-ның жартылай құлаған түтін мұржасын бұзып алып жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл жылу-электр орталығының көктемде жартылай опырылып түскен түтін мұржасын өскемендік мамандар қолмен бұзып бөлшектеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта алаңда өскемендік «КазтеплоСПЕЦСТРОЙ» ЖШС-нің 400-ге жуық маманы жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылар алдымен мұржаның сыртқы кірпіш қабатын бұзып алмақ. Бұл жұмысты бір апта ішінде аяқтайды. Содан кейін ғана жұмысшылар минералды плитадан тұрғызылған жылу оқшаулағышын бөлшектеуге кіріседі. Осылайша үстіңгі екі қабатты және темірбетон мұржасының өзін екі ай бойы 30 метрлік белгіге дейін қолмен бөлшектемек. Ал қалған құрылымды бұзу 3 тамызда аяқталады. Одан кейін құрылыс қалдықтарын тиеу және тасымалдау жұмыстары айдың соңына дейін жалғасады.

Мамандардың пікірінше, нысан ескі, 60 жыл бұрын салынған. Сондықтан бөлшектеудің ең қауіпсіз әдісі таңдалған, яғни түтін мұржасын 30 метрлік белгіге дейін қолмен бұзып, содан кейін техника пайдаланылады.

«Жоспар бойынша екі айдың ішінде бұзып үлгеруіміз қажет. Қазір өскемендік 400 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмыс қызған шақта олардың саны 750-ге дейін жетеді.

Сондай-ақ, қыркүйекте жылу-электр орталығының №4, 5, 6, 7 қазандық агрегаттарынан бастап, жалпы газ құбырының бір бөлігін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады. Осылайша, жылыту маусымында станция қаланы жылумен қамтамасыз етуге жеткілікті 9 қазандық агрегатын іске қосады. Екі түтін мұржасы жеткілікті. Биыл қараша айында №1 және 3 қазандық агрегаттарынан екі қосымша газ құбыры дайын болады, нәтижесінде 9 қазандық бір уақытта жұмыс істейді және 2-уі резервте болады», - дейді «Севказэнерго» АҚ баспасөз хатшысы Лилия Шерина.

Бүгінде Петропавл жылу-электр орталығында ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, биыл 20 наурыз күні жылу орталығының үш түтін мұржасының біреуі опырылып құлаған болатын.

Үйіндінің астында қалған жұмысшы қайтыс болды.

Қылмыстық іс қозғалып, орталық директоры мен бас инженері қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар