Петропавлдағы жарылыс: 3 адамның жағдайы ауыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда болған жарылыстан зардап шеккендердің үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда болған жарылыстан 16 адам зардап шегіп, ауруханаларға жеткізілді. Олардың біреуі – 24 жастағы жігіт қалалық көпбейінді ауруханада қайтыс болды. Қазір бұл емдеу мекемесінде 20 жастағы қыз жансақтау бөлімшесінде жатыр. Жағдайы нашар. Бес адам амбулаторлық емделуге үйлеріне жіберілді. Ем алып жатқан тағы алтауының жағдайы орташа.

«10 жасар бала облыстық балалар ауруханасына түсті. Оның да жағдайы орташа. 1997 жылы туған екі ер адам облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр. Жалпы зардап шеккендердің орташа жасы 20-25 аралығында. Ең ересегі – 43 жаста», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқарамасының баспасөз хатшысы Гүлнар Сайлауқызы.

Естеріңізде болса, 21 ақпан күні Петропавлдағы 5 қабатты үйдің бірінші қабатында алдын ала болжам бойынша газ баллоны жарылып, арты өртке ұласқан еді.

Бір адамның денесі үйінді астынан табылып, екіншісі ауруханада көз жұмды.

Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, СҚО прокуроры тергеу барысын өз бақылауына алды.



Соңғы жаңалықтар