Петропавлдағы жаңа инфекциялық аурухана сырқаттарды қабылдай бастады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда пайдалануға берілген жаңа модульдік инфекциялық аурухана алғашқы сырқаттарды қабылдай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңір ауруханаларында коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға арналған 950 орын бар. Оның 280-і карантиндік стационарларда орналасқан. Бүгінгі күні емдеу мекемелерінде COVID-19 жұқтырған 335 адам ем алып жатыр. Яғни барлық орынның 35% ғана бос емес.

«Қазір облыста коронавируспен күреске 1 мың медицина қызметкері тартылған. Олар стационарларда жұмыс істеп, блокпосттарда, санитарлық бекеттерде, шекарада кезекшілік атқарып жатыр. Сырқаттанғандар саны артқан жағдайда мамандардың қатарын ұлғайтуға мүмкіндік бар», - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов.

Ем алып жатқан 335 адамның 21-і жансақтау бөлімінде жатса, біреуінің жағдайы өте қиын. Тағы 11 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

«Шілде айымен салыстырғанда материалдық-техникалық қамтылуымыз өте жақсы. Сол кезде небары 76 өкпені жасанды желдету аппараты болса, бүгінде оны 160-қа жеткіздік. Ауру асқынған жағдайда кей медициналық қызметтерді қысқартып, ИВЛ аппараттарының санын 212-ге дейін жеткізе аламыз. Сол секілді оттегі концентраторлары да жеткілікті деңгейде алынды. Сырқаттарды емдеуде де тәжірибе жинадық, бүгінде коронавируспен ауырғандарды емдеп жаза аламыз», - дейді Нұрлан Айманов.

Петропавлда екі-үш айдың ішінде жаңадан салынған инфекциялық аурухана бүгіннен бастап алғашқы сырқаттарды қабылай бастады. 200 орындық модульдік аурухана заманауи қондырғылармен жарақтандырылған. Бұл жерде ауыр халдегі науқастар емделмек.

«Бірер күнде коронавируспен ауырғандарға арналған орындарды 1,5 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ай сайын аса ауыр халде түскен 100-ден астам адамды аяққа тұрғызып жіберіп жатырмыз. Жалпы бізге стационарларға түсіп жатқан сырқаттардың әр үшіншісі – маска тағудың еш пайдасы жоқ деп есептейді. Бұл дұрыс емес, талаптарды бір кісідей орындамайынша ауру асқына береді», - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов.

Бұған дейін СҚО-дағы мектеп оқушылары арасында КВИ жұқтырудың 56 жағдайы анықталғанын айттық.


Соңғы жаңалықтар