Петропавлдағы зауыт жұмысшыларына 86 млн теңге берешек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы ауыр машина жасау зауыты жұмысшыларына 2 айға жуық еңбекақы төлемеген. Кәсіпорынның берешегі 86 млн теңгеге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік аударым, медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарнасын төлеу және жұмыстан шыққан қызметкерлердің еңбекақысын қосқанда қарыз 86 млн теңгені құрайды. Бұл – ақпанның және наурыздың жарты айының берешегі.

«Кәсіпорын ірі тендерді ұтып алып, сол бойынша жұмыс істеуі керек еді. Техникалық жағдайларға байланысты ол қайта-қайта кейінге қалдырылды. 14 сәуір күні тендер ойнатылды. Біз тиісті құжаттарға қол қойып, енді қаражаттың түсуін күтіп отырмыз. Алатын сома – 500 млн теңгеден асады. Яғни, сәуір айының соңына дейін еңбекақы бойынша қарыз жабылады. Ал сәуір айының еңбекақысын жұмысшылар заң бойынша 10 мамырға дейін алады», - дейді «ПАМЖЗ» АҚ баспасөз хатшысы Елена Стадник.

Зауыт өкілінің айтуынша, қазір кәсіпорында 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың бір айлық еңбекақы көлемі шамамен 65-70 млн теңге.

«2020 жылдан бастап жағдайымыз күрделі. Пандемия басталғалы мұнай өндіруші компаниялар өндірісті азайтты, салдарынан біздің өнімге сұраныс кеміді. Бұдан басқа шекаралардың жабылуына байланысты шетелден материал кіргізу қиындық тудырды. Біз барлық металлды Ресейден жеткіземіз, өйткені елімізде өз өндірісіміз жоқ. Кей қосалқы бөлшектер кеден бекетінде 2-3 айлап тұрып қалды. Бұл да өндіріске әсер етті. Ол кезде де екі ай бойынша еңбекақы қарызы болды. Бірақ мәселені ушықтырмай шеше алдық», - дейді Елена Стадник.

Қазіргі таңда «ПАМЖЗ» АҚ Қазақстанның мұнай өндіруші компанияларына қажет қондырғылар шығарады. Бұдан басқа мұнай өңдеу кәсіпорындарына қажет қондырғыларды, сервистік қызмет көрсететін арнайы техниканы және теміржолды жөндеуге керек қондырғыларды жасайды.

«2019 жылы ТМД елдері ішінде бірінші болып біздің зауыт термос вагондарды құрастыра бастады. Біз өндірісті толық жолға қойдық, сәйкестік сертификатын алдық. Қазіргі уақытта конструкторлық құжаттардың иесі - «Cool Infinity» ЖШС, олар бұл істі дамытып жатыр, біз вагондарға қажетті бөлшектерді шығарамыз.

Кәсіпорын бірнеше рет жаңғыртылды. Соңғы рет республикалық бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлініп, 2018-2020 жылдар аралығында 39 заманауи қондырғы жеткізілді. Тағы да пандемияның салдарынан Германиядан маман келе алмай жатқандықтан, оларды іске қосу кешеуілдеп жатыр. Бірақ мұның бәрі – уақытша қиындықтар», - дейді баспасөз хатшысы.

СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы бұл жағдайға қанық.

«Жыл басында еңбек инспекциясы басқармасы зауытта профилактикалық бақылау жүргізді, бірақ қаңтар айында еңбекақы бойынша қарыз анықталған жоқ. Кейін жұмысшылардың еңбекақы ала алмай жүргендігі жайында ақпарат кей БАҚ-та жарияланды. Бірақ зауыт жұмысшылары бізге арызданған жоқ. Сол себепті тексере де алмаймыз. Бірақ жағдай бізге таныс. Сол себепті наурыз айында еңбек дауларын мониторингілеу жұмыс тобының отырысында бұл мәселе қаралды. 13 сәуірде облыс әкімі төрағалық еткен үш жақты комиссияға «ПАМЖЗ» АҚ бас директоры шақырылып, ол жағдайға түсініктеме берді. Айтуынша, жұмысшыларға ақпан айына толық және наурыз айының жартысына еңбекақы бойынша берешек бар», - дейді СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Мирас Сабағанов.

Қазір еңбек инспекторлары жағдайды бақылауда ұстап, күнделікті мониторинг жасап отыр.

«Соңғы мәлімет бойынша, тендер өтті, мамыр айына дейін қарыз өтеледі. Егер де уәде орындалмаса, зауыт жұмысшылары бізге өтініш беруге құқылы. Соны негізге ала отыра жұмыс берушіге қатысты тексерісті бастаймыз. Ұйғарым береміз. Айыппұл саламыз. Жұмысшылардың еңбекақысы сот орындаушылардың көмегімен заңды түрде өндіріліп алынады», - дейді Мирас Сабағанов.


Соңғы жаңалықтар