Петропавлдағы су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге өтемақы төленді

None
None
ПЕТРОПАВЛ.ҚазАқпарат - Су тасқынынан зардап шеккен Заречный және Тері зауыты кентінің тұрғындарына өтемақы төлене бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің мәлімдеуінше, 100 отбасы 32 млн теңге алды.

Бағалау комиссиясы қаланың су басқан аумақтарында жұмыстарын жалғастырып жатыр.

«Қызылжар ауданында өтемақы төлеу басталды. 14 үйге төленді, жалпы қажеттілік 67 миллионды құрайды. Рузаев кентінде қиындық жоқ. Онда тұрғындар алғылары келген баспаналарын алды. 8 үй сатып алынды, екі отбасы бас тартты, оларға ақша төленді», - дейді Асқар Сақыпкереев.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бір апта ішінде қажетті жұмыстардың бәрін аяқтап, зардап шеккендерге төленетін қаражатты төлеп, тасқын салдарынан қиратылған жерлерге белсенді жұмыс жүргізілуін тапсырды.

«Мен кеше су басқан аудандарда болып қайттым. Тұрғындардың аулаларында су әлі де бар. Маусым айы да келіп қалды. Жеткізілген сазсорғы техникаларын пайдалана отырып,  Заречный және Тері зауыты аумақтарындағы сулардың барлығы тазартылсын. «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, жағдай толық оңалғанға дейін, тұрғындарға көмек көрсетілсін», - деді Құмар Ақсақалов.

Су басқан кент тұрғындары өз үйлеріне оралады. Түрлі ұйым қызметкерлері мен ерікті петропавлдықтар олардың аулаларын ретке келтіруіне көмектеседі. Тұрғындар жаз айларында үйлерінің кеуіп үлгермейтіндігіне алаңдаулы. Кейбір үйлерде су бір айға жуық тұрған.

Жағдай өңірдегі жауын-шашын салдарынан күрделеніп отыр. Бүгін ТЖ департементі 30 мамырға жауын-шашынды ауа райын ескертті. Облыста жауын-шашын болады, бұршақ жаууы мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар