Петропавлдағы сепаратизм ісі: Сараптама аумақтық тұтастықты бұзуды насихаттау белгілерін анықтады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сепаратизм бабымен тергеліп жатқан Петропавл қаласының үш тұрғынының мәлімдемесінде «Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттау» белгілері бар екені анықталды. Психологиялық-филологиялық сараптама нәтижесі туралы Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 30 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесі» құрылғаны жөніндегі видеоны əлеуметтік желілерде орналастыру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабының 2-бөлігімен (сепаратистік қызмет) сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастаған. Сол күні құқық қорғау жəне арнайы мемлекеттік органдардың тəжірибелі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Іс бойынша процесс прокурорлары тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Алынған материалдар бойынша сот психологиялық-филологиялық сараптамасы жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша материалдарда Қазақстан Республикасын ыдыратуды насихаттау, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, оның аумағының тұтастығы мен бірлігін бұзуды насихаттау белгілері бар», - деп жазылған жауапта.

Сондай-ақ, Бас прокурор қылмыстық іс бойынша 3 фигурантқа қатысты Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған тергеу сотының 2023 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау түріндегі» бұлтартпау шарасы санкцияланғанын еске салды.


Соңғы жаңалықтар