Петропавлдағы көпқабатты үйлердің басым бөлігі жылыту маусымына әзір

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 1090 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 85%-і жылыту маусымына дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы 1022 үйдің құбыры жуылып-шайылып, дайындықтан өтті. Биыл пәтер иелері кооперативтерінің көпшілігі тиісті жұмыстарды ұзаққа созбай атқарған. Яғни өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда тұрғын үйлердің дайындығы 30 %-ке артқан. Алайда, қалған 68 көпқабатты баспанаға жылу уақытынан кеш берілуі мүмкін.

«Жылыту маусымына дайын емес үйлердің көбінде пәтер иелері кооперативі жоқ. Ал кейбірінің жауапты адамдары бұл жұмысты атқаруға асықпай, арқаны кеңге салып жүр. Құбырларды жуып-шайып, қысыммен тексерудің нәтижесінде қызмет көрсету сапасы артады, үйге жылу беру жақсарады», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы Ерсайын Алиясов.


Дайын емес баспаналардың бірі Береке ықшамауданында орналасқан. 18 пәтерлік үйдің құбырлары былтыр да жуылып-шайылмаған. Соған қарамастан, жылу уақтылы беріліпті.

«Бізде пәтер иелері кооперативі жоқ. Ал тұрғындар өзара келісе алмайды. Соңғы рет үйді жылыту маусымына 3 жыл бұрын дайындадық. Жалпы бір пәтерден жылына 1200 теңге ғана жинаймыз. Соның өзін бермейді», - дейді үй тұрғыны Антон Добровольский.

Жалпы Петропавлда жылыту маусымының нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.

Мамандардың айтуынша, үйлерге жылудың берілуі тікелей ауа температурасына байланысты. Яғни күн суытысымен-ақ көпқабатты үйлерге кезекпен жылу беріле бастайды.


Соңғы жаңалықтар