Петропавлдағы көпқабатты үйдегі жарылыс: Пәтерлер әкімдік есебінен жөнделеді
2019 жылғы 11 ақпан 18:15

Петропавлдағы көпқабатты үйдегі жарылыс: Пәтерлер әкімдік есебінен жөнделеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы 5 қабатты үйде болған жарылыстан зақымдалған 4 пәтер қалалық әкімдік есебінен жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға орнына қалалық әкімдіктің мамандары келіп, 6 және 7 подъезд тұрғындарын пәтерлерінен уақытша көшірді. Ал, жарылыс шыққан екі бөлмелі пәтерді Ресейде тұратын иесі жалға беріп келіпті. Зардап шеккен 4 отбасының екеуі өз сұраулары бойынша уақытша тұрғын үйлермен қамтамасыз етілді. Үшіншісі туыстарында тұрып жатыр.

Бүгін Петропавл қалалық әкімдігінде осы мәселеге қатысты брифинг болып, қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов түсініктеме берді.

«Қала әкімінің шешімімен жарылыс кезінде пәтерлері қираған 4 отбасыға жөндеу жұмыстарымен біз көмектесеміз. Жөндеу жұмыстары ақпанның тоғызынан бастап жүріп жатыр. Лицензиясы бар құрылыс компаниясы жабындарды бекітті және пластикалық терезелер мен кіре беріс есікті ауыстырды»,- дейді Евгений Глотов.

Сондай-ақ, қала әкімі орынбасарының айтуынша, қатты зардап шеккен үш пәтер иелеріне 100 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Ал, 6 және 7 подъездің қалған тұрғындарына ешқандай қәуіп төніп тұрмағандықтан үйлеріне қайта көшірілді.

Еске сала кетсек, 8 ақпанда Петропавлдағы тұрғын үйлердің бірінде кешкі сағат 6-лар шамасында жарылыс болғанын хабарлаған болатынбыз.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT