Петропавлдағы бір сайлау учаскесі жұмысын аяқтады

None
Фото: ҚР Ұлттық Ұланы баспасөз қызметі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшілері алғашқылардың бірі болып дауыс беруді бастап, сағат 8-ден сәл аса № 655 сайлау учаскесі жұмысын яқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы академиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, № 655 сайлау учаскесі орналасқан Ұлттық ұлан академиясында дауыс беру таңсәріде басталды.

«Әскери нысандарда дауыс беруді сағат 6.00-ден бастауға рұқсат етілген. Сондықтан сайлау учаскесі өз жұмысын жергілікті уақыт бойынша 6.00-де Қазақстан Республикасы Әнұранымен бастады. Бұл жерде 687 дауыс беруші бар. Олардың негізгі бөлігін курсанттар құрайды. Өз таңдауын бірінші болып Ұлттық ұлан академиясының бастығы Артур Тоқышев жасады», - дейді ҚР Ұлттық ұланы академиясының баспасөз хатшысы Олжас Әділбек.

№ 655 сайлау учаскесінде күннің бірінші жартысында 8.15-те дауыс беру аяқталды.

«Бүгінгі сайлау – әрбір қазақстандық үшін өте маңызды оқиға. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысу арқылы біз бірінші кезекте өзіміздің белсенді азаматтық ұстанымымызды білдіреміз.

Мен дауыс беру мүмкіндігін өз құқығым емес, міндетім деп санаймын», - дейді 3-курс курсанты Айдос Жұмағұлов.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан академиясы тек Ұлттық ұлан үшін ғана емес, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін офицерлік кадрлардың ұстаханасы іспеттес. 25 жылдық тарихында оқу орны 4 мыңнан астам офицерді даярлап шықты.


Соңғы жаңалықтар