Петропавлдағы «Әжелер мектебі» қыз-келіншектерге салт-дәстүрді насихаттап келеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда 2 жыл бұрын құрылған «әжелер мектебі» қаладағы қыз-келіншектерге салт-дәстүрді ұстануды насихаттап жүр. Орталық ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, қыз балалардың киім киісі, тәрбиесі тақырыбында түрлі шаралар өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда Орталық мешіт жанынан ашылған «әжелер мектебі» екі жылдың ішінде облыс орталығындағы ұлттық мектептерде, колледждерде оқушы қыздармен, ұстаздарымен ондаған кездесу, түрлі тақырыпта танымдық шаралар өткізді. Олардың көңілге қонымды ақыл-кеңесі ешкімді бейжай қалдырмайды.

«Мақсатымыз - жастарға тәлім-тәрбие беру. Бұрын неге «қызға қырық үйден тыю» деген? Қыздармен жиі кездесіп, айта берсек, құлақтарына құя берсек нәтиже болады. Нәтиже бар, ата-аналар, мұғалімдер, жоғары сыныптың оқушы қыздары кездесуден кейін соңымыздан қалмай «әжелер келесі кездесу қашан болады, бізге сондай тақырыпта әңгіме өткізесіздер ме?» деп сұрап жатады», - дейді «әжелер мектебінің» төрағасы Ырысжамал Әленова.

null

Петропавлдағы «әжелер мектебінің» ең жасы үлкен ұстазы - Сапура Тәшенова. Кейуана биыл 87-ге келіпті. Әкесі діндар болған кісі, анасынан жастайынан жетім қалған екен. Сол себепті негізінен әке тәрбиесін көріп өседі. Бүгінде Алла жолында жүрген ақ жаулықты әже өзінің өмірден көргенін, білген-түйгенін жастарға айтып келеді.

«Қыз бала басына орамал салмаған, оранбаған. Әр ұлттың өз салт-дәстүрі бар ғой. Қазақтың қызы шашын әдемі қылып өріп, тақия киді, бөрік киді. Намазды мойнына орамал салып, басына тақиясын киіп, шымылдық ішінде оқыды. Шашты бос қоя бермеді. Жас келіншектердің күйеуі қайтқанда, қатты ашынғанда шашын жайып жіберіп жылайды екен. Ал, қазір шашты жайып жүру сәнге айналған. Әйелдерге некелі болғасын шашты көрсету күнә болады. Біздің тілегіміз жастар қазақша сөйлесе екен, ибалы, тәртіпті, әдемі болса екен», - дейді Сапура Тәшенова.

null

«Әжелер мектебінің» құрамына негізінен қажылыққа барып келген, көпті көрген, айтары бар ұлағатты аналар енген. Көбі - ұстаз болып еңбек еткен. Солардың бірі - Петропавл қаласының тұрғыны Қымбат Исманова. Көп жылдар бойы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде ұстаздық етті, болашақ мұғалімдерді даярлады. Ардагер-ұстаздың бала тәрбиесіне қатысты екі кітабы жарық көрген.

«Жастардың тәрбиесі ақсап тұр. Оған не себеп? Отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Отбасындағы ананың, әкенің рөлдері өз орнында болуы қажет ертедегідей. Әке өз тұғырынан төмендеп кетті. Қыз бала тәрбиелі болуы үшін оның анасы өнеге көрсетуі керек. Қыз баланы үй шаруасына, тамақ пісіруге үйретпейміз, ене мен келін арасында кикілжіңдер осыдан басталады. Көп мәселе ұстаздарға да байланысты. Әл Фараби атамыз айтқан «тәрбиесіз берілген білім ол - адамзаттың қас жауы» деп. Мұғалімдер сабағының жартысын тәрбиеге бөлуі керек»,-дейді ардагер-ұстаз Қымбат Есмұқанқызы.

null

Әже өнегесін жас ұрпақ бойына сіңіртіп жүрген «әжелер мектебі» - бүгінгі қоғамда таптырмас тәрбие құралына айналған. Әжелердің әңгімесін, ақыл-кеңесін тыңдау үшін қала мектептері бүгінде оларды арнайы шақыратын болыпты.

Соңғы жаңалықтар